Басым бөлігі қолдауда

312
көрілім

Шығыс Қазақстан облыстық Талдау және болжау институты 11-13 қазан аралығында Зырян ауданындағы тұрғындар арасында сауалнама жүргізген болатын. Дүйім жұртқа қойылған жалғыз сауал аудан атауын Алтай деп өзгерту жайлы.

Сауалнамаға 73 мың тұрғыны бар Зырян ауданынан 500 адам қатысқан. Талдау және болжау институтының директоры Олег Чернышовтың мәлімдеуінше, сұралған адамдардың 64%-ы аудан және қала атауын Алтай деп ауыстыруға қолдау танытты. Олар осындай өзгеріс арқылы аудандағы туризм саласы дамып, өзге елдермен халықаралық ынтымақтастық орнатылып, аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымының жақсаратынына сенім білдірді.

Сауалнамаға қатысқандардың 23%-ы жауап беруге қиналатындықтарын айтты.

Алтай деген атауға қарсы болғандар – зейнет жасындағы қарттар және басқа елдің азаматтығын алып алса да Зырян ауданында тұрып жатқан бұрынғы қазақстандықтар болды.

Естеріңізге сала кетсек, Зырян қаласының қоғам белсенділері аудан мен қала атауын Алтай деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасап, аймақ басшысы Даниал Ахметовтың қолдауын тапқан еді. Қыркүйек айының аяғында Зырян қаласында осы жайтқа орай қоғамдық тыңдау өткізілген болатын. Шара барысында жергілікті тұрғындар мен мәслихат депутаттары аудан және қала атын Алтай деп ауыстыру жайлы шешім қабылдады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ