Бесқарағай ауданының тұрғыны аяқ-киімінде есірткі сақтаған

241
көрілім
Шартты фотосурет

Желтоқсан айының басында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде бесқарағайлық тәртіп сақшыларына тұрғындардың бірінің есірткі сақтағаны жөнінде ақпарат түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Берілген ақпаратқа сүйенсек, Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлеріне 43 жастағы ауыл тұрғынының есірткі сақтағаны туралы жедел ақпарат түскен.

Ақпаратты тексеру барысында аталған ер адам анықталып, оның гаражын жедел тінту кезінде жазғы аяқ-киімінен өсімдік тектес, қоңыр-жасыл түсті, ерекше иісі бар қағаз орамасы табылды. Дереу тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.

- Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы 0,20 грамм кептірілген марихуана есірткісі болып шықты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296 - бабы 2-бөлігіне сәйкес (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - деді ШҚО ПД бастығы полиция полковнигі Сағат Мадиев.

Осы баптың санкциясы қырық тәулікке дейін қамау түріндегі жазаны көздейді.