Даниал Ахметов журналистерді азаматтық белсенділік танытуға шақырды

656
көрілім
Фотосурет - Шығыс Ақпарат.

ШҚО туристік аумақтарында жұмыс істейтін бизнесмендер енді өз кірістерін жасырып, жалтара алмайды. Ол үшін 2019 жылдан бастап арнайы бақылау жүйесі енгізіледі. Оған себеп Алакөл мен Бұқтырма су қоймаларындағы демалыс базаларынан түсетін салық көлемі. Мұндағы қаржы айналымы 10 миллиард теңгені құрағанымен түсім 22 миллионнан аспай отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салық төлемдерінің жүйесі туралы ұсыныс дайындауға арнайы жұмыс тобы кіріседі. Кәсіпкерлер палатасы да енді шетте тұрып бақылауды қойып, түсіндіру жұмыстарын бастайды. ШҚО әкімі Даниал Ахметов «бизнесмендердің арын ояту мәселесі» шешімін табу үшін журналистерді де азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

— Бұл іске тек мен емес, журналистер де шақыру керек. Екі демалыс аумағындағы қаржы айналымы бір маусымда 10 миллиард теңгені құрайды. Ал біздің айбынды кәсіпкерлерімізден түсетін салық 14-тен 22 миллион ғана. Шығыс Қазақстан бизнесінің туристік саласын дамытуға берген жауабы осы. Инфрақұрылымды дамытуға мемлекет миллиардтаған қаражат бөледі, бірақ қайтарымы жоқ. Салық көлемі ондаған есе көп болуы тиіс. Оның бәрін жақсы білеміз. Әзірге, алдағы жылы мазаламаймыз. Бірақ 2019 жылы бәрі басқаша болады, — деді Даниал Ахметов кеңейтілген аппарат жиынында.

Бұған қарамастан мемлекет өз қолдауын тоқтатпақ емес. Келер жылы Осинов асуынан айналып өтетін жолдың құрылысы басталады. Бұл бағыт тұрғындар мен қонақтарға Бұқтырма су қоймасына жылдам әрі қауіпсіз жетуге мүмкіндік береді. Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстары да жалғасын таппақ.