Декреттік демалыстың аяқталуын күтпей-ақ жұмысқа шыға алам ба?

606
көрілім

Күршім ауданындағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істеймін. Өткен жылдың қазан айында декретке шыққан болатынмын. Жағдайыма байланысты өз орныма тамыздың басында қайта жұмысқа шығайын деп едім, маған мектеп директоры «Жұмысқа шыға алмайсың. Сенің орныңдағы маманның демалыс уақыты тамыздың аяғында бітеді. Екі рет ақша төлемеймін» деді. Білгім келетіні, заң бойынша декретке шыққан адам қандай уақыт мерзімінде қайта жұмысқа шыға алады? Декретке шыққан адамды қайта жұмысқа алмауға мекеме басшысының құқы бар ма? Менің орнымда уақытша жүрген маманның демалыс уақытының бітуін күтпей-ақ жұмысқа шыға аламын ба?

Күршім ауданынан тұрақты оқырман

Сіздің сауалыңызға Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов жауап береді:

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 100-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес, сәби үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Сонымен қатар, баласы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда жұмыскер жұмыс берушіге өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін алдын ала, яғни бір ай бұрын ескертуге міндетті.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, жұмыс беруші жұмысшының бала үш жасқа толғанша оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шығуы жайлы бір ай бұрын ескерткен ниетіне қарсылық білдіре алмайды. Бұдан шығатын қорытынды – жұмыскер орны (лауазымы) сақталған жұмысқа қайта шығуға құқылы.