Дін вакцинацияға қарсы емес

1644
көрілім

Ежелден-ақ жаппай вакцинациялау өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Иммундық профилактиканың арқасында адамзат көптеген аурулардан құтыла алды. Алайда қазіргі кезде вакцинация қажет емес, сонымен қатар діни нанымдарға қайшы келеді деген сыңаржақ пікірлер де айтылып жүр.

Айта кету керек, вакцинация тақырыбы халық арасында, оның ішінде оған қарсылар – антиваксерлер арасында да жиі талқыланады.

Антиваксерлер профилактикалық егулердің, атап айтқанда, коронавирустық инфекцияның пайдасыздығы мен қауіптілігі туралы жиі айтуда. Қарсыластар қатарында белгілі бір діни ағымдар өкілдері де бар.

Бұл мәселені белсенді талқылау бүгінде әр адамға қолжетімді интернет кеңістігінде де жүріп жатыр. Түрлі тақырыптық сайттарда өз теорияларын растау үшін антиваксерлер өз ойларынша салмақты дәлелдер келтіреді. Өкінішке қарай, кішігірім ауызша даулар күрделі жанжалдарға ұласатын жағдайлар бар. Бұл отбасында вакцинацияның қажеттілігі туралы ымыра болмаған кезде туындайды.

Мұндай оқиға қазақстандық отбасылардың бірінде болды. Ересек баланы COVID-19-ға қарсы вакцинациялау және оның діни заңдарға қайшы келуі туралы мәселе дау тудырған.

Айнаштың айтуынша, олар күйеуі екеуі діндар адамдар және ислам қағидаларына сәйкес өмір сүреді, яғни олар бес рет намаз оқиды, ораза ұстайды. Дулат вакцинацияға үзілді-кесілді қарсы және қызына екпе жасатуға рұқсат бермейді. Алайда зайыбы қарама-қайшы пікірде және вакцинация қажет дейді.

Әйелді осы мәселеде білікті мамандар да қолдайды. Дәрігерлердің айтуынша, коронавирустық инфекцияның пандемиясын тоқтатып, әдеттегі өмір салтына оралу ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана мүмкін болмақ. Оны екі жағдайда қалыптастыруға болады – вакцинациялау немесе ауырып шығу. Дегенмен, ең жақсы емдеу алдын алу екені белгілі. Бұл – инфекцияны немесе аурудың асқынған ағымын болдырмаудың жалғыз мүмкіндігі. Өйткені егер вакцинацияланған адам COVID-19-бен ауырса, онда ауру жеңіл түрде жүреді. Сондай-ақ вакцина алған адамда ковидтен кейінгі симптомдардың, атап айтқанда ұзақмерзімді патологиялық бұзылушылықтардың пайда болу қаупі төмендейді.

Шынында да, егер біз тарихи деректерді талдайтын болсақ, жаппай иммундаудың өз тиімділігін бірнеше рет дәлелдегені белгілі, ол адамзатқа көптеген індеттерді жеңуге көмектесті.

Діни сенімге келер болсақ, мұсылман әлемі ғалымдарының пікірінше, вакцинациялауға рұқсат етілген. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ұстанымы мынадай: әлбетте, аурудың бәрі Алладан, бұл сенушілер үшін сынақтың бір бөлігі және үлкен рақым. Соған қарамастан, мұсылмандар өздерін аурудан қорғау үшін Алланың қалауымен емделіп қана қоймай, алдын алу шараларын да жүргізуі тиіс.

Дененің барлық бөліктері адамға аманатқа беріледі және оны мұқият күту талап етіледі. Қасиетті Құранда: «...және өзіңізді өлімге итермелемеңіз» делінген (Бақара сүресі, 195-ші аят).

Қазақстан халқына арнаған үндеуінде ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Шариғатқа сәйкес аса қажет болған жағдайда екпе жасауға рұқсат етілген. Дәрігерлерге көп рақмет, мен коронавирусқа қарсы екпені қалай салғандарын сезбей де қалдым. Өздеріңіз білетіндей, біздің имамдар вакцина ала бастады. Мамандар бұның денсаулық үшін өте маңызды екенін түсіндіргеннен кейін біз бұл қадамға бардық» дейді.

Бас мүфтидің үндеуін қолдай отырып, бас имам Ермек қажы Мұқатай, сондай-ақ ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша филиалының діни қызметкерлері биылғы сәуірдің басында COVID-19-ға қарсы екпе салдыртты.

Осы жылғы 13 сәуірде Ермек қажы Мұқатай облыстың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Қанат Тұрдиевпен кездесу өткізіп, оның барысында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойылды. Осы меморандум нәтижесінде «Халифа Алтай» мешітінде егу орталығы ашылды, онда 100-ден астам сенуші COVID-19-ға қарсы екпе алды.

Қорытындылай келе, медицина және вирусология саласындағы мамандар вакцинаны алуды және осылайша өздеріңізді және жақындарыңызды аурудан қорғауды ұсынады, өйткені тек иммундау ғана миллиондаған адамның өмірін сақтап қалатынын тарихтың өзі дәлелдеген, сондықтан ол денсаулық сақтау саласындағы ең тиімді шаралардың бірі ретінде кеңінен танылып отыр.

 

Александра Исаева

 

ШҚО Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді