Егістік жерлер жақсарады

280
көрілім

Жыл соңына қарай жөндеу жұмыстары аяқталатын Шар суқоймасы Жарма ауданындағы егістік жерлер көлемінің ұлғаюына жағдай жасамақ. Бұл жөнінде өңірлік БАҚ өкілдері алдында баспасөз мәслихатын өткізген Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов мәлімдеді.

- Жеріміздің басым бөлігі жайылымдық жерлер. Дегенмен 54 мың гектар егістік жеріміз бар, - дейді аудан әкімі. - Бірақ жердегі ылғалдың аз болуына орай шаруаларымыздың көпшілігі егін еге алмай жатады. Қаражат солардыкі болған соң біз оларды егін егуге мәжбүрлей алмаймыз. Биыл 31 мың гектар аумаққа егін егіледі деген ойдамыз. Шар суқоймасы кеңестік кезеңде 15 мың гектар алқапты суарып тұрған. Қазір бар-жоғы 1835 гектарға ғана қауқары бар. Бірақ аты бар да заты жоқ. Каналдары істен шыққан. Осы себепті "Казводхоз" мекемесі 1 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөліп, жұмыс жүргізгелі үш жылдың көлемі болды. Биыл жыл соңына қарай плотина құрылысы аяқталып тағы да мың жарым гектар суармалы жерлер қосылады.

15 мың гектар егістік алқаптың қалған 12 мыңын іске жарату үшін бүгінде қирап жатқан Гальцовский, Трудовой, Қорықшар, Бөгенбай, Ақтоған магистралды каналдарын жөндеу қажет. Сондай-ақ, көктемгі су тасқынына қарсы аудандағы алты суқойманың барлығы дерлік қалыпты жағдайда тұрғанын айтқан аудан басшысы, Даубай өзенінің Қаратөбе ауылы жағындағы жағасы бекітіліп, Жарық, Қарасу ауылдарында тасқын судың алдын алу жұмыстары ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ