Еркін күрестен Ұлттық құраманың бас бапкері: Алдағы мақсат – қалған лицензияларға иелік ету

1425
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Токио олимпиадасының басталуына жеті айдай уақыт бар болса да палуандар әзірліктерін бір сәтке де үзбейді. Себебі Біріккен күрес Әлемінің атқарушы комитеті кез келген уақытта дүбірлі додалардың бөгеуін ағытулары мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жөнінде ерлер Ұлттық құрамасының бас бапкері Әсет Серікбаев ойын ортаға салған болатын. Іргедегі індет елішілік додалардың өткізілуін біршама кешіктергені рас. Әйтсе де республика бойынша кіл мықтылар қараша айында Алматы қаласында бас қосып, талай тартысты белдесулер өтті. Әлемде бәсекелестік алауы тұтанған 74 келіде үздік нәтиже көрсету оңай іс емес. АҚШ-та Кайл Дэйк пен Джордан Барроуз, Грузияда Автандил Кенчадзе, Италияда Франк Чамизо, Ресейдің өзінде осы салмақта бес Әлем чемпионы бар: Хетик Цаболов, Магомед Курбаналиев, Разамбек Жамалов, Магомедрасул Газимагомедов және Заурбек Сидаков. Ал республика көлемінде осы салмақта көкпектілік Данияр Қайсанов, солтүстікқазақстандық Нұрғожа Қайпанов, сондай-ақ Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановтың арасында текетірес әлі де жалғасуда. Десе де Алматы бозкілемінде Қайсанов жарақат алып, чемпионаттан шығып қалды. Бекжанов қола жүлдегер, ал Қайпанов ел чемпионы атанды.

– Сербияның астанасы Белгардта өткен Әлем кубогіне қатыса алмағанымыз өкінішті. Алайда біз спортшылардың денсаулығына алаңдап, тәуекел етпеуді жөн көрдік. Әйтеуір ел чемпионатын ойдағыдай өткіздік. 2021 жылы ауқымды аламандар күтіп тұр. Соларда бақ сынаймыз. Алдағы мақсат – Алматыда өтетін турнирде сәтті өнер көрсетіп, қалған лицензияларға иелік еті. Одан кейін Азия чемпионаты мен Олимпиада ойындарында абыроймен өнер көрсетсек дейміз.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі Ұлттық құрама мүшелерінен Нұрислам Санаев (57 келі), Дәулет Ниязбеков (65 келі), Данияр Қайсанов (74 келі) және Әлішер Ерғали (97 келі) лицензияға ие.