Глубокое ауданында 2 млрд теңгеге салынған аурухананың қабырғасы қаусап тұр

147
көрілім

Глубокое кентіндегі әлеуметтік нысанда көзге іліккен кемшіліктер мердігер жұмысының атүсті орындалғанын көрсеткен. Сорақысы сол, ақау іргетасынан да байқалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жауапсыздығынан жауапқа тартылды ма?
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Глубокое кентіндегі аурухана құрылысы 2012 жылы басталды. «Кумаров и компания» ЖШС жұмысты қолға алып, бірінші қабатына дейін салған. Бірақ аяқ асты болған сотпен дау-дамайды шешемін деп бастаған ісін аяқсыз қалдырды. Содан құрылыс тоқтап қалды. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ШҚО бойынша филиалының директоры, қоғам белсендісі Әділ Пшеновтің сөзінше, сот ісінің басталуына мердігер компания басшысының жауапқа тартылуы себеп болған.
«Орта жолдан қалған жұмысты қазіргі аудан әкімінің әкесі Лұқбек Тумашиновке тиесілі «Элхон» ЖШС жалғастырды. Олар нысанды салып бітіріп, 2014 жылдың тамыз айында қолданысқа берді. Аурухана құрылысына кеткен қаржы мөлшері – 2 млрд теңге. Бірақ 2013 жылы 321,8 млн теңге қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын», – деді Әділ Серікұлы.


Қоғам белсендісі нысан науқастарды қабылдап бастаған соң, 1-2 жыл ішінде қабырғаларында жарық пайда болып, іргетасы отыра бастағанын алға тартты. Оның сөзінше, байқастап қарағандағы аурухана жағдайы мынадай: іргетасынан бастап, шатырына дейін аурухана қабырғаларында жарық пайда болды; іргетасы отырып барады және бұл мұнымен тоқтамайтын сияқты; тақталары түсіп қалған; ас әзірлейтін бөлік (пищеблок) ғимараты апатты деп танылып, науқастарды асханадан тамақтандырып жүр және желдету жүйесі істен шыққан.
Әділ Пшеновке жергілікті қызметкерлер ауруханадағы мәжіліс залы апатты жағдайда деп айтқан сыңайлы. Бірақ мұны әкімдік растаған жоқ. Ғимараттың айналасындағы асфальттан түк қалмаған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, «Кумаров и компания» ЖШС бастаған істі «Элхон» ЖШС соңына дейін жеткізді. Сонымен қатар, 2015 жылы кәсіпорын есебінен аурухана іргетасын нығайту бойынша жұмыс жүргізілді.

«Жұмысты қалай қабылдап алған?»
Филиал басшысы осының барлығына көз жүгірте отырып, құрылыс барысында жүрдім-бардым әрекеттер жиілеп, сапаға мән берілмегенін баса айтты. Соған орай көкейінде бірқатар сауал қордаланды.
«Кімнің тапсырыс бергені беймәлім. Әкімдік пе, әлде Денсаулық сақтау басқармасы ма, жұмысты қалай қабылдап алды екен? Құрылыс басталмас бұрын топырақ сараптамасы жасалды ма? Жұмыстың сапасыз атқарылғаны үшін неліктен «Элхон» ЖШС, авторлық қадағалау, техникалық қадағалау және тапырыс берушіні жауапқа тартпады?» – деп сауалдарын жаудырды Әділ Пшенов.
Әкімдік ұсынған ақпаратқа сенсек, былтыр Глубокое аудандық ауруханасының әкімшілігі ғимаратқа техникалық сараптама жүргізді. Тиісті техникалық қорытынды шығарылған.
«Осыған сәйкес, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындау керек. Аурухана әкімшілігі облыстық Денсаулық сақтау басқармасына бюджеттік өтінім берді. Мәселе қаралып жатыр. Тамақ санитарлық талап сақталған ыдыспен беріледі», – делінген мәліметте.
Әділ Пшенов облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ауруханаға күрделі жөндеу жүргізуге не себепті 2016 жылы қаржы бөлмегендегіне таң қалды. Оның ойынша, барлық кем-кетік ескеріліп, ғимаратты тұтас апаттық жағдайда деп тану үшін сараптама жүргізілуі керек. Ресми ақпаратқа сүйенсек, аудан әкімі Елдар Тумашинов биыл ақпан айында нысан жағдайымен танысып, мәселелерге үңілген. Соның нәтижесінде биыл жаз айында демеушілер қаржысы есебінен жөндеу жүргізілетін көрінеді.
Филиал басшысы «осы мәселені бақылауда ұстау үшін облыс Прокуратурасы мен Антикор өкілдері іске араласуы тиіс» деді. Облыс әкімдігінен күрделі жөндеуге қаржы бөлінуін сұрады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер Әділ Пшеновтің жеке парақшасынан