Глубокое ауданында белгісіз аң тауық-қазды қырып жатыр

1166
көрілім

Өңірдегі Прогресс ауылының тұрғындары соңғы бірнеше күнде қараңғыда далаға шығуға қорқып, барынша сақтық танытып жүр. Жемтігін түнде ғана аулайтын жануар үй құстарын тамақтап кетуді жиілеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тұрғындар таңертең оянса, қамалып тұрған тауықтары тып-типыл. Аң-таң болған олар мұны істеуі мүмкін деп ақкіс, күзен, борсық, тіпті құнуды да айтты.
Бірақ қайсысы екені әлі анықталмады. Мұнымен қоса, шетелдік ғалымдар мен зерттеушілер тұрқы ауру итке ұқсайтын жануар туралы ресми ақпарат ұсынбаған соң тұрғындар мұны «чупакабра» деуге асығар емес.
- Былтыр борсықтар шабуылға шыққан еді. Торларды бұзып, аңшылар мылтық кезенгенше үй құстарын қынадай қырды. Ал көктемде бір түнде он тауығымды тамақтап, кейінірек оның күзен екені белгілі болды. Тұрқы кішкентай аң: өзі жіп-жіңішке, кез келген саңылаудан өтіп кете алады, – деді Светлана Тиханова.


Прогресс ауылының жұрты түнде келіп жүрген жануардың ірілігін өздері жасаған қоршаулардың сынғанына қарап айтты. Мықтап, шегелеп бекіткен тақтай жұлынып, торды үзіп, үңірейтіп тастаған. Жемтігін жеп тауыспайды, тек қанын ішеді.
Елді мекен тұрғыны Қалия Фазылованың айтуынша, 25 тауық пен 20 балапанды тамақтапты. Ол аздай кейбірінің тауықтары ұшты-күйлі жоғалған.
Бұл ретте ауылдастар «тауық пен қазды қойып, адамға шабуылдай ма» деп мазасызданып жүр. Ал жергілікті орман және аңшылық шаруашылығындағы жедел әрекет ету бөліміндегілер тұрғындарға қақпан құрып, жұмбақ жануарды аулап көруге кеңес берді.
Аудан әкімдігі бұған қатысты толық мәлімет ұсынбады. Айтуларынша, әлі қолға немесе бейнежазбаға түспеген соң бірнәрсені ашып айту қиын.
- Ауылда білесіздер, түрлі әңгімелер айтылады. Бірінің ойын бірі жалғап, асыра сілтеп жіберуі мүмкін. Қазір зерттелген жерлер бойынша нақты ештеңе анықталмад, – деді аудан басшысы Елдар Тумашинов.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет osa_uka_vko парақшасынан)