Глубокое ауданында үш кісінің түбіне жеткен ер адамға қатаң жаза кесілді

558
көрілім

Өткен жылдың соңында Глубокое ауданында жантүршігерлік қанды оқиға тіркелді. Ауданға қарасты ауылдардың біріндегі үйден үш адамның мәйіті табылып, күдікті ретінде сол ауылдың тұрғыны қолға түскен.

Сот материалдарына сәйкес, Иванов (үшеуінің де тегі өзгертілді) 2013 жылы Саманинамен бірге тұра бастаған. Арада үш жыл өткеннен кейін азаматтық некедегі әйелі сол ауылдың тұрғыны – Ивановтың алыс туысы Кувелинге кетіп қалады. Алайда бойжеткеннің онымен көңілі жараспаса керек. Көп өтпей Ивановқа қайтып келеді. Бұрынғы күйеуі әйелді кешіріп, қайта үйіне қабылдағанымен, Саманина Кувелинмен байланысын үзбеген. Иванов осы себепті бақталасына кектеніп кеткен көрінеді.

Глубокое ауылында жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген Иванов кешкі сағат төрттен кейін жұмыстан шығып, тапқан ақшасына бір бөтелке арақ алады. Келгенше бөтелкенің жартысын тауысып, үйіне кіргенде Саманинаның жоқтығын білген. Иванов бірден күдіктеніп, Кувелиннің үйіне барады. Күмәні расталып, соңғының үйінен мас күйдегі әйелін үйіне алып қайтқан. Саманина Кувелинмен бірге болғанын мойындағасын Иванов әйелін үйінен қуып жіберіп, қорадағы балтаны ұстаған күйі бақталасының үйіне тура тартқан.

Үйге кіргеннен-ақ Иванов балтамен қарсы алдындағы Кувелинді ұрып түсіреді. Есінен танған Кувелиннің басынан бірнеше мәрте балталаған. Осыдан кейін Иванов келесі бөлмедегі Кувелиннің шешесі мен өгей әкесіне де осы әдісті қолданған.

Иванов сол түні-ақ құқық қорғаушылардың қолына түсті. Сотта қалайша үшеуін балталап тастағанын, мас болғандықтан мән-жайды толық есіне түсіре алмады. Сот үкімімен ол ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмірін соңына дейін темір торда өткізетін болды.

Мейрамбек Қосажан