Қала әкімінің қатысы бар

342
көрілім

Мас күйінде көлік тізгіндеген Риддер қаласы әкімі орынбасарының ісі тек облысқа емес, күллі республикаға таралып кетті. ШҚО Прокуратурасының хабарлауынша, 18 жастағы жасөспірімді қаққан көлік ішінде Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев та болған. Ал марқұм бозбаланың әкесінің досы Риддер қалалық ІІД криминалды полиция бөлімінің бастығы өзіне қысым көрсеткенін айтуда.

Виктор Смольниковтың қапияда көз жұмған ұлын жоқтап жүргеніне аптадан асты. Оның бар мақсаты – баласы Евгенийді қағып өлтірген адамдардың әділ жазаға тартылуы. Өрімдей бозбаланы жаншып өткен автокөлік артында келе жатқан екінші көліктің бейнежазбасына түсіп қалыпты. Түн қараңғысында көлігі жолға сыймай, құйғытып бара жатқан шенеунік адамды қағып өлтірген. Джип көлігінің зорға тоқтағаны дөңгелек ізінен анық көрінеді. ШҚО Прокуратурасының хабарлауынша, қайғылы оқиғаның басында Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев қана емес, Өскемен қаласының әкімі де болған.

– Құйғытып келе жатқан автокөлік менің ұлымды қаққанда Қуат Тұмабаев та көлік ішінде отырған, – дейді Виктор Смольников, – Адам өліп жатса да ол шенеунік сол жерден кетіп қалған.

Қала әкімі баспасөз хатшысының хабарлауынша, әкім бұл жағдайға кездейсоқ тап болып, бірден медициналық көмек шақырған. Яғни, бұл істе ол тек куәгер ғана.

– Қуат Мұхитұлы жол-көлік оқиғасының кездейсоқ куәгері болды, – дейді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек, – Жағдайды көріп «Жедел жәрдем» қызметін шақырған. Жергілікті ішкі істер бөлімінде куәгер ретінде түсінік берді. Әкім істің барлық мән-жайын жарияламау турасында құжатқа қол қойған.

Виктор Смольниковтың айтуынша, полиция көлігі жол апаты орын алмай тұрып, Риддер қаласы әкімі орынбасарының артында келе жатқан. Ер адам мас күйінде көлік тізгіндеген шенеунікті ұстау үшін уақытылы іс-шаралар атқармаған деп Риддер қалалық ІІБ қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады. Сонымен қатар, Марқұм Евгенийдің әкесінің досы қалалық ІІД криминалды полиция бөлімінің бастығы оған қысым көрсеткендігін айтып, Қадағалау органына арыз жазды.

– Осы фактілер бойынша облыстық ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік Басқармасы ҚР ҚК-нің 370-бабы (қызметі бойынша әрекетсіздік) және 362-бабы, 4-бөлігі (күш көрсету қаупімен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қылмыстық істердің тергелуі облыс Прокуратурасының бақылауында.

Айта кету керек, қала әкімдігінің хабарлауынша, Қуат Тұмабаев тергеу амалдары аяқталғанға дейін өз лауазымдық міндеттерін атқара бермек.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ