Катонқарағайлықтар Өскемендегі жәрмеңкеде 1 тоннадан аса бал өнімдерін саудаға шығарды

956
көрілім

Бүгін Өскемен қаласында Катонқарағай ауданының шаруа қожалықтары дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізді. Бұл жолы катонқарағайлық шаруалар сауда сөрелеріне 1,2 тонна бал мен 6,5 тонна ет өнімдерін қойып, 380 литр қымыз сатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әдеттегідей «Freshmarket»сауда үйінің алдында ұйымдастарылған ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде Катонқарағай ауданының брендіне айналып үлгерген катонқарағайлық бал, қымыз және панты өнімдері көпшіліктің таңдауына қойылды.

– Мемлекет тарапынан қолдау жақсы, – дейді Катонқарағай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Рақымғали Байгереев. – Бір жылда ғана 300 миллион теңгеге таяу субсидия алады. Осының барлығы қазіргі уақытта аудандағы мал басының артып, ет, сүт және қымыз өнімдерінің артуына жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде ауыл халқының әл-ауқатының артуына сеп болып, ауылшаруашылығы өнімдерін сыртқары саудаға шығаруға көмегін тигізуде. Соның бірі ретінде мына жәрмеңкені айтуға болады. Бұл жолғы жәрмеңкеге Катонқарағай ауданының 30 шаруа қожалығы өз өнімдерін алып келді.

Құзырлы мекеме басшысы қазіргі уақытта аудан көлемінде ұйымдастырылған 11ауылшаруашылығы кооперативтерінің ішінде омарта шаруашылығымен айналысатын «Олений парк» және «Ақсу-Дзен» ЖШС-терінің ерекше жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Облыс орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеде катонқарағайлық шаруалар балдың әр келісін 1200 теңгеден, еттің әр келісін 1300 теңгеден, ал қымыздың әр литрін 300 теңгеден саудалады. 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ