«ҚазАгро» холдингінен несие алуда жеңілдіктер қарастырыла ма?

661
көрілім
Фотосурет mastercredit24.ru.
Шаруларға несие берумен айналысатын «ҚазАгро» холдингінен қаржы алу әсіресе кәсібін жаңа бастаған ауыл тұрғындары үшін қиынға түсуде. Өзім де кепілге қоятын мүлігімнің жеткіліксіз болуы салдарынан несие ала алмай отырмын. Сұрайын дегенім, жұмысын жаңадан қолға алған шаруагерлердің жүгін жеңілдетер жол бар ма?

Аягөз ауданынан тұрақты оқырман

Сіздің сауалыңызға «ҚазАгро» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Гүлназ Атамқұлова жауап берді:

Осы уақытқа дейін әлеуетті қарыз алушылардың арасында, әсіресе ауылдық жерлердегі шаруагерлерге несие ресурстарына қолжетімділік мәселесінің қиындық тудырып отырғаны рас. Тежеуші факторлардың бірі – бұл көптеген ауыл тұрғындарында қажетті кепілзаттардың жетіспеуі немесе болмауы.

Осы мәселені шешу үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингі ауылдағы кәсіпкерлікті несиелеу процесіне жеке қаржы құрылымдарын – Шағын қаржы ұйымдары мен Несие серіктестіктерін тарту бағдарламасын әзірледі. Бұдан басқа, холдинг әсіресе ауылдағы жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ыңғайлы шағын қарыздарды кепілдендіру жүйесін енгізбек. Ол шаруагерде кепілзат қиындығының болған кезінің өзінде несие қаражатын алуға және өз ісін бастауға мүмкіндік береді. Жаңа схема өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде әзірленді, оны іске асыруға НС және ШҚҰ арқылы 6 пайыздық мөлшерлемеден 11 млрд.теңге көзделген. Мемлекет атынан «ҚазАгроКепіл» АҚ кепілдік етіп отырмақ. Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепілдік көлемі шағын несие құнының 85%-ын, жұмыс істеп тұрғандар үшін — 50%-ын құрайды. Несие серіктестіктері мен шағын қаржы ұйымдарының қарыздары ғана кепілдендіріледі. Осы ретте, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне ҚазАгроКепілдің офисіне барудың қажет емес екенін атап өту қажет, кепілдік алу – өтінім несиелеуге құжаттардың топтамасын өткізу кезінде рәсімделеді.

«ҚазАгро» ұлттық холдингінің желісі бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыру жүйесінде де өзгерістер болды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ бәсекелес ортаға беру жөніндегі бекітілген іс-шараны ескере отырып, жыл басынан бастап инвестициялық жобаларды қаржыландыру жөніндегі барлық өтінімдерді «ҚазАгроның» құрылымындағы басқа компания Аграрлық несие корпорациясы арқылы қабылдайды.