Кәсіпкерлер көбейіп келеді

377
көрілім

Өңірімізде жеке кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтар саны жыл санап көбейіп келе жатыр. Тіркелген кәсіпорындар арасында сауда саласына шоғырланғандар басым. ШҚО Статистика департаментінің хабарлауынша, аймақ бойынша шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатқан заңды тұлғалар да аз емес.

2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Шығыс Қазақстанда 21 636 жеке кәсіпкер тіркеуге алынған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,9%-ға артып отыр.

– Кәсіпкерлердің көпшілігі, яғни 29,5%-ы сауда саласында жұмыс істеуде, – дейді ШҚО Статистика департаменті Тіркелімдер басқармасының бас маманы Жарасым Серікбекова, – Екінші орында – құрылыс саласы (10,9%). Сонымен қатар, өнім өндіру кәсібі де (7,1%) үздік үштікке еніп отыр. Айта кету керек, заңды тұлғалардың негізгі бөлігі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және қосымша жауапкершілікті нысанда тіркелген.

Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта облысымызда 1094 бірлескен және шетелдік компаниялар жұмыс істеуде. Оның ішінде шағын кәсіпорындар – 96,8%, орта – 1,7%, ірі – 1,5% құрайды.

– Шетелдік кәсіпкерлермен қоян-қолтық еңбек етіп жатқан заңды тұлғалар көбінесе Өскемен, Семей және Риддер қалаларында, – дейді Жарасым Серікбекқызы, – Бірлескен және шетелдік кәсіпорындардың ең жоғары үлесі – Ресей елінен болса, одан кейінгі орында – Түркия, Қытай, Германия мемлекеттері тіркелген.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ