Көкпекті ауданы Көкжыра ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт 40 жылдан бері жөндеу көрмеген

10643
көрілім

Ә дегенде аудан әкімдігінің қолұшын беруге қауқарсыз екендігін естіп, сұраухатты облыстық Денсаулық сақтау басқармасына да жолдадық. Себебі ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің ахуалын, мәселенің талайдан бері шешілмей келе жатқандығын медбикелер де, тұрғындар да үнемі айтып келеді. Әкімдік пен басқарма тарапының екі жақты пікірінен ортақ тұщымды жауап болар деген түсінік. Бәлкім, аудан басшылығы «осы ауылдың бұйымтайы бітпей-ақ қойды» деген ойда қалар. Дегенмен мәселенің бары рас. Аудан тізгінін бірнеше айдан бері жаңа әкім ұстады. Көкжыралықтар ертелі-кеш бір өзгерістің боларынан күдерін үзбеген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Былтыр да, биыл да айттық»

Тұрғындар санын қайта-қайта ұсыну әбестік болар, Қажет дегеннің өзінде аталған ауылда қазір кемі 700 адам түтінін түтетіп отыр. Иә осыған дейін бірқатар сауалдарға жауап табылып, елді мекенге бір сәт серпіліс берілгендей көрінді. Су құбырын тарту кезінде ауылішілік жолдардың жабындысы опырылып қалып, уақтылы тегістеу жұмыстарының нәтижесінде қалыпқа келтірілді. Аудан әкімі Серікқазы Садуақасов қыркүйектің соңына қарай Көкжыраға арнайы атізін салып, бірнеше мәселенің түйіні тарқамай тұрғандығына көз жеткізді. Көпір салу, ауыр техникалар айғыздап кеткен жерлерді тегістеу, футбол қорабына жарық тарту сынды жайттар. Қамтылмай қалған тағы бір мәселе тұр. Қыс келе еденінен суық соғатын фельдшерлік-акушерлік пункттің (ары қарай ФАП) қазіргі ахуалынан дертіне шипа іздеп, ем-домын алуға келетіндер тағы бір ауру жамап ала ма дегенде зәре жоқ. Тек пештің жылуымен отырған ақ халаттылардың сөзінше, аталған мекеме 40 жылдан бері жөндеу көрмеген.

– Округ әкімдігі мәселеден хабардар. Едендегі линолеумнің ескіріп, әр жерден жыртылып жатқанын өткен жылы да, биыл да айттық. Жиһаздар да ескіліктің сырын парақтап ашып беретіндей. Медициналық карталар жиналып тұратын картотека ФАП салынғалы бері бірде-бір рет жаңартылмаған. Өткен жылы сұрастырып жүріп, ауыстыртып алдық. Қажет деген дәрі-дәрмектерді, медициналық маска мен перчаткаларды зорға дегенде қиыннан қиыстырып сатып алып келеміз, – дейді ФАП фельдшері Меруерт Елемес.

Қыста әйнектерден суық үрлеп тұрады

Иә, барлығын бірдей медқызметкерлер өздері сатып алады десек оғаш естілер. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының межелі жеріне жеткенше жұтылып бітетіні жабырқатпай қоймайды. Қаражат бөлінеді, әйтсе де ол ақшаға мекеменің қай жыртығын жамап, қай тесігін бүтіндейді? Медбикелердің сөзінше, індет іргеде жүріп есік қаққанда мамандар медициналық маскаға ақшаны өз қалталарынан шығарған. Сіркіреп жауған жаңбыр ФАП ауласын көлшікке айналдырып, мәселені одан әрі ушықтыра түседі.

Отын-көмір жылда жетпей қалады

Округ әкімі атбасын бұрғанда шұңқырларға қиыршық тас төгіп беруге өтініш білдірген екен, «иә, қолға аламыз» деген уәделері мен істері сол күйі қабыспай қалған. Әйнегі шытынаған терезелерден қара суықта бөлмелердің іші азынап тұрады.

– Ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттің жөнделмегені рас. Мекеме аудандық аурухана балансында болғандықтан әкімшілік құзырына жатпайды. Жөндеу жұмыстарына да қаржыны аудандық аурухана бөледі. Әкімшілік тарапынан қандай да бір шара қолданамын деп айта алмаймын. Көмір, отын дайындап, оны жеткізу жағынан көлік бөліп, көмектесе аламыз. Ал ақша бөлу, жабдықтау, жөндеу жұмыстарын аудандық аурухана әкімшілігі өзі шешеді, – деді Құлынжон ауылдық округінің әкімі Самархан Демесінов.

Бесінші сөйлемді мысал еткеннің өзінде соңғы жылдары орындалғанына күмәнмен қарайды мұндағылар. Жылда қанша тонна көмір жеткізілетіндігі белгісіз, ал тамыздық отынды ауыл азаматтары өздері әкеліп, жарып беретін көрінеді. Оның өзінде, кімнің уақыты бар, балтасы қайраулы деген сауалдардың шешімі табылуы тиіс. Еңбек күші де осы ФАП қызметкерлерінің отбасы мүшелері. Бәлкім округ әкімдігіндегілердің «біздің бұған қандай қатысымыз бар?» деулері мүмкін. Тым құрығанда өз ауыздарынан шыққан уәделерінде тұрып, отын-көмірді жеткілікті етіп жеткізіп берсе қаншалық? Денсаулық сақтау басқармасындағылар не дейді?

– Күрделі жөндеуге қаражат бөлу үшін мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама қажет. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын ұйым медициналық қызметтерді қаржылдандыру есебінен жүргізеді. ФАП кімнің балансында болса сол жауапты. Бұл жағдайда №2 Көкпекті аудандық аурухана басшылығы медпункттің материалдық жағдайын назарда ұстап отыруға тиіс, – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Аудан басшылығы бақылауына ала ма?

Жылт еткен үміт те жоқ емес. Басқарма басшылығы қазір күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп жатқандығын мәлімдеді. Мемлекеттік сараптамадан өткен ЖСҚ алынған соң қаржы бөлу үшін өтінім облыстық экономика басқармасына жіберілмек. Ресми мәліметтер осындай. Оған дейін әлі қанша уақыт бар? Амалы қалмаған соң медпункттегілер ауыл азаматтарына жүгінді. Олай етуге тағы бір себеп, едендегі бетон суық тартып, мұндағылардың өздері уақ-уақ сырқаттанып қалады. Өздері науқас болса, өзгелерді қалай емдейді? Оған қоса қыраулы қыста аңырап тұрған пунктке келушілер де аса құштар емес.

Асқар Қажығалиев төсеген линолеумнен кейін

Ауылда бірқатар тұрғынды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер Асқар Қапанұлы ФАП-тың төрт бөлмесіне линолеум сатып алып беремін деп, қазан айының соңында айтқанын іспен дәлелдеді. Бұдан соң мекеме іші тегіс жылып кетпесе де, бөлмелерге линолеум толығымен төселсе суыққа біршама тойтарыс берері сөзсіз. Мекеме мамандары қолұшын беруге қолқа салғанда ат-тонын ала қашпаған Асқар Қажығалиевке алғыстарын жеткізуде. Иә бұл да бір мәрттік. «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз қапысыз айтылған. Десе де біткен істің бұл тек біреуі. ФАП-тың шатыры да шұрқ тесік, есігі де зорға жабылады. Меруерт Елемес пен Айман Боржикова медбикелері, Жадыра Ошаевадай қамтушы қызметшісі бар медпункттің екінші тынысы ашылмай тұрғаны рас. Сырттағы суық пен едендегі ызғар екі жақтап қыспаққа алса да тұрғындарға шама-шарқынша қызмет көрсетіп, ем-шарасын жасауда олар. Тек фельдшерлік-акушерлік пункттің бүгінгі мүшкіл жағдайына мойын бұрып, назар аударар біреу болса?! Биыл тамыз айында тыңнан тағайындалған аудан басшысы Серікқазы Құсайынұлы бір өзгеріс енгізіп, жағдай оңалар деген үміт те жоқ емес.

Әділхан ЕСІМХАНОВ