Көкпекті ауданында оқушыларға вакцина мәжбүрлеп салынып жатыр ма?

20690
көрілім
Шартты фотосурет

Мектеп басшыларына бұйыра сөйлеп, екпе салдыру үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеуді тапсырған Көкпекті аудандық білім бөлімі басшысының әлеуметтік желіде таралған аудиожазбасы әп-сәтте талқыға түсті. Облыс әкімінің жиналысынан соң шұғыл шешім қабылданған көрінеді. Оқушылардың ерікті түрде вакцина алу-алмауларын анықтап көру үшін аудан әкімдігіне сұраухат жібердік.

Екпе екі тараппен

О бастан жоспар бекітіліп, мектеп директорларының жұмыс тәртібі тайға таңба басқандай нақпа-нақ келтірілді. Яғни Көкпекті ауылы маңындағы мектептер бір бөлек, Самар төңірегіндегі білім ошақтары өз алдына тапсырмаларды тап-тұйнақтай етулері тиіс. Қойылған меже тым биік, орындалмаса ойындарын осып алуға бар көрінді бөлім басшысы.

– Облысқа жеткізілген вакцинаны сенбі, жексенбі күндері аудан ақ халаттылары алып келеді. Бүгін, ертең, жексенбі күні де жұмыс. Үйде отырып сөйлесесіздер ме, әрбір ата-ананың тілін табасыздар ма – ерік өздеріңізде. Дүйсенбі күні Көкпекті аудандық ауруханасы өз жағын, Самар өз аумағын қамти бастайды. Барып алып нөпір жиналып, кедергілер болмас үшін барлығын дайындап алыңыздар, – деді білім бөлімінің басшысы Мәриям Асанова (аты-жөні өзгертілген).

Қарсылыққа да қарамайды

Газет редакциясына бірнеше ауылдан хабарласқан ата-аналар тарапы да осы сыбысты құлақтары шалып, оқушыларға екпе салудың соңы мәжбүрлеуге ұласып бара жатқандарын жеткізді. Бөлім басшысының айтуынша, 16-17 жастағы жасөспірімдерге бірінші лекпен вакцина салынады. Ал оқушы саны айтарлықтай аз елдімекенде, оның ішінде Қараөткел ауылы бар, бес оқушы болса да тегіс вакцина салдыру басшылыққа алынған.

– Қайта-қайта барып жүрмейді Қараөткелге. Екі бала келісіп тұр, үшеуі қарсы екен. Оған қарамайды. Барған соң алты оқушыға шақталған флакон ашылып, бес оқушыға бірден салып кетеді. Әсіресе бала саны аз ауылдарда барлығы жоспарға сәйкес болуы тиіс, – делінді қараша айының ортасында жарияланған аудиожазбада.

Қос уәж қабысқан кез

Дегенмен аудан әкімдігі ешқандай да мәжбүрлі екпе салдыру боламағандығын, барлығы ата-аналардың рұқсатымен жүзеге асырылғандығын мәлімдеді. Аудиожазба таралған уақыт пен ауданға вакцина жеткізілген мерзім (16 қараша) тұспа-тұс. Аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржановтың айтуынша, Көкпекті ауданы бойынша 4043 оқушы бар. Олардың ішінде 12 жас пен одан асқан 1800 жасөспірім болса, 85 оқушының денсаулығы вакцина алуға жарамсыз. Жоспарға сәйкес қараша айының 18-нен бастап екпе салу бөгеуін ағытуы тиіс болған. Осы жерде «алғашқы лек қашан вакцина алуы тиіс?» деген сауал түсті. Аудан басшылығы мен Мәриям Асанова келтірген уәждің ортақ үйлесімі көрініс бергенін айта кеткен жөн. «Екі оқушы келісіп тұр, үшеуі қарсы екен» деген сөйлем мен әкім орынбасарының «екпе алуға ниет білдіргендер санының аз болуына байланысты» деген жауабынан оқушылардың көпшілігінің дерлік әу баста екпе алуда кежегелері кейін тартқандарын аңғаруға болады. Дегенмен ақыр соңында аудиожазбада аталған Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі мен №1 Самар орта мектебі, Ж.Шайжүнісов атындағы және Көкпекті орта мектебінің директорлары тапсырманы орындауға «білек сыбана» кіріскен сыңайлы.

Түсіндіру жұмыстары жүргізілді ме?

Енді жауапты тұлға берген жауапты толықтай ұсынайық:

– Екпе алуға ниет білдіргендер санының аз болуына аталған мектептерден бөлек, Шәріптоғай ауылындағы Шәріптоғай негізгі мектебі мен Үлкенбөкен орта мектебі ата-аналарының келісімімен вакцина алу Көкпекті ауылының орталық емханасында жүзеге асырылады, – деді аудан әкімдігіндегілер.

Облыс деңгейінде көптің қызу талқысына түсіп, мәселенің қозғалуына негіз болған аудиожазбаны тыңдағандар «Сонда ата-аналарға алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген бе?» деген сауал қойылды.

Медбикелер міндеттерін атқарған

Бұған қатысты аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов еліміздің Бас мемлекеттік дәрігері Е.Қиясовтың 2021 жылдың 20 қазанындағы №46 қаулысын басшылыққа алып, коронавирусқа қарсы қарсы вакцина салдыру әдістемелік ұсынымдары бекітілгенін алға тартты. Соған сәйкес 25 қазан мен 17 қараша аралығында ауданның жалпы білім беретін базасында медицина қызметкерлері кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін хабардар ету үшін ата-аналар жиналысын өткізіпті. Дәл осы кезде медбике, фельдшерлер індетке қарсы екпе алудың маңызын түсіндірген.

Сұраухат жауабының соңында оқушылар аптаның бес күнінде оқитындықтан сенбі-жексенбі күндері вацина салынбайтындығы жазылған. Дегенмен бұл сөйлем білім бөлімі басшысының сөзімен қабыспай тұр.

– Сенбі күні де, жексенбі күні жұмыс! Отырмаңыздар, жұмыс істеңіздер! Екпе алуға қатысты сандар дұрыс болмаса аудан әкімдігіне шақырту аласыздар, – деп асығыс сауын айтуы директорлар қауымын белсене жұмыс істеуге шақырғандай болды.

***

Аталған мәселеге байланысты облыстық Білім сапасын қамтамасы ету департаментінің басшысы Зейнеп Мақсұтова білім бөлімі басшысынан түсініктеме алынғандығын жеткізді. Анығы сол, Мәриям Асанова аудан әкімінің тапсырмасын орындаған. Ал ШҚО Білім басқармасындағылар бұған қатысты әлі ресми мәлімет ұсынған жоқ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ