Көкжыра ауылының тұрғындары су құбырын тартып жатқан мердігер ұйымның жұмыс сапасына шағымдануда

2591
көрілім

Көкпекті ауданына қарасты Көкжыра ауылының тұрғындары былтырдан бері біршама өзгерістің куәсі болды. Өзгеріс деген сөздің өзі әркімге түрліше қабылданары хақ. Себебі жұрт көңілі көтеріліп, «мұндай жаңашылдық біздің ауылға да жетіпті» деген қуанышпен емес, «артық қыламыз деп тыртық қылмаса екен» деп іштей тілеулестік танытумен жүр. Иә, Көкжырада футбол қорабы орнатылып, ауызсу құбыры тартылуда. Аудан әкімдігі жоспар бойынша оң өзгеріс енгіземіз деп ниеттенсе керек, әйтсе де қуануға әлі ерте. Сол ауылдан дүркін-дүркін хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз ауқымды жұмыстың кемшін тұстарын жеткізіп, қазылған жерлердің әлі күнге дейін қалпына келтірілмей жатқандығына дабыл қаққан еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұзау құлап кетті

Былтыр басталған еді аталған жұмыс. Ауыр техникалар әп-сәтте ауыл ішін аралап жүріп көше бойын қазып, жердің бетін айғыздап өтті. Қазылған жерге су құбыры тартылған соң басым көбінің орнын тегістеп, топырағын жауып отырды. Мүмкін жеделдікті басшылыққа алған болар, әйтеуір төңіректегі топырақты түгіл жиыстырып әкеп шұңқырға төкті. Оның өзінде бір жер ойдым, тағы бір жерінде топырақ үйіліп, төбешіктерге айналған. Қысқасы, жағдай бір сәт бақылаудан шықты. Мердігер ұйымның сөзінше, барлығы жоспар бойынша іске асырылуда. «Орындалып жатқаны құптарлық жайт әрине, десе де кей жерлерде сападан аттап, шеңберден шығып кетіп жатқандары көңілге селкеу түсірмей қоймайды». Осылай деген тұрғындардың бірі осыдан екі ай бұрын қазылған жерге бұзау құлап кеткендігін жеткізді. Оған қоса, күні бүгінге дейін ашық тұрған шұңқырға ойын баласы түсіп кете ме дегенде зәресі жоқ ата-ананың. Мұны ауылға кіреберісте «Қасым хан» мешітімен оңға қарай бет алғанда байқауға болады.

– Көкейде бір қауіптің бары рас. Округ әкімі де, мердігер ұйым да қазылған жерлер ізін суытпай тегістелетінін алға тартқан еді, ашық тұрғанына апта емес бірнеше ай өтті. Ауыл шетінде шабындыққа барар жолда біршама терең шұңқырлар аз емес. Мал іздеп жүрген адам немесе төрт түліктің өзі түсіп кетсе, ауызсу тарту емес ауырсынудың көкесі болатын сияқты. Қателеспесем, су құбырын тарту жұмыстары биыл аяқталады делінген еді, не де болса шағын ауылымыз бұрынғы келбетінен айырылмаса игі еді, – дейді Оралбек Оспанов (аты-жөні өзгертілген).

Тасжолды тоздырып бітті

Құлынжон ауылдық округінің әкімі Самархан Демесіновтің сөзінше, су құбырын тарту жұмысына «СК-KazAlem» мердігер мекеме жауапты. Тапсырыс беруші аудандық Сәулет қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Осыған дейін Көкжыраның бірнеше көшесінде асфальтталған жол бар-тұғын. Талай жылдан бері сапа тұрғысынан шашау шығармай, көлігі барлардың емін-еркін қатынауына негіз болып келген. Енді соның ізі де қалмады. Ауыр техникалар жөн-жосықсыз қопарып, қиратып тастаған жоқ, тек көше бойын қазып, жер астынан су шыққанда тасжолды жауып қалған. Бәлкім, тасжол бетін уақтылы қырып, сол тұсты тегістеп отырғанда осындай қиын жағдай болмас па еді? Ауыл ішімен шөп тасыған трактор мен КамАздар жүргеннен топырақ тасжол бетінде әбден тапталып, жүруге ерепейсіз, тозығы жеткен қаражол кейпіне енді.

– Жоба келісімшарты бойынша су құбырын тарту құны – 505,506 млн теңге. Қазылған шұңқырлар тегістелді, алайда жаңбырдан кейін топырақтың отыруы орын алады. Ол топырақ тегістеліп отырады. Келісімшарт бойынша жұмыстың аяқталу мерзімі – 2020 жылдың 31 желтоқсаны, – деді Самархан Демесінов.

Демек мана айтқан Оралбек аға да жаңсақ естімеген екен. Ауқымды жұмыс жыл бітпей тәмамдалса тұрғындар үшін кішігірім той. Бұдан кейінгі мәселе, бұрынғы балабақша маңында тереңдеп қазылған шұңқыр. Қазу жұмысы қанша уақытты алғаны белгісіз, дегенмен соның орнын толтырарда топырақ қайдан алынбақ? Әлде ауылдың басқа бір тұсынан әкеле ме? Тұрғындар сөзінше, қазылған шұңқырға күн сайын қоқыс төгушілер көбеюде. Сонда бүтін жерді айғыздап, сол топырақты ауыл ішінде басқа жерге төгу қаншалықты орынды? Одан қалса талай люктің беті әлі ашық күйінде жатыр.

Көпір жағдайы да жабырқатарлық

Тағы бір мәселе, Абай көшесі бойымен жоғары өрлей бере көше шамдары бағанасының орнатылып бастағандығын көзіміз шалды. Ол жерде де жұмыс жоспарының қалай ойластырылғаны жұмбақ күйінде қалды. Себебі бағаналар орнатылғандықтан осыған дейін қара жол ретінде пайдаланылып келе жатқан жер телімінің жанына жарыса тағы бір жол салыныпты. Бағана сымының аласа болуы салдарынан шөп тиеген тракторлар іліп кетіп, бірнеше жерден үзіліп кеткен. Тұрғындар мердігер ұйым жұмысшыларына барып, бұйымтайларын айтқанның өзінде еш өзгеріс болмапты. Көкжыралықтар келер күннен үмітті. Жаңадан тағайындалған аудан басшысы Серікқазы Садуақасов ауылға атізін салса Абай көшесі бойында апатты жағдайда тұрған көпір мәселесін де айтуға әзір. Олардың сөзінше, көктем келіп, қар сөгіле тасыған өзен көпірді шайып кетудің аз-ақ алдында тұрады. Ағын су көпірді қиратып кетсе өзеннен өту мүмкін болмайды. Қуанарлығы сол, округ әкімдігі өткен жылы орнатылған футбол қорабының жарығы биыл қосылатынын алға тартты. Осы уақытқа дейін қосылмауының өзіндік себебі болған екен.

– Футбол қорабын орнатуға 7 млн 100 мың теңге қаржы бөлінді. Оның жарығы балалар карантин кезінде ойнамау үшін қосылмады. Жарық қосу үшін қазіргі уақытта Көкпекті ауданының электр жүйесі басшысына хат жазылды. Жөндеу жұмыстарын жүргізетін арнайы көлік сынып тұр, аталған жұмыс 11 қыркүйекке дейін жөнделеді деп жоспарлануда, – деді округ әкімі.

Естеріңізде болса, осыған дейін Көкжыраға кіреберістегі ауыл атауы жазылған тақтайшадағы жазудың көк фонда жазулы тұрғаны туралы мақала жарық көрген болатын. Округ әкімдігіндегілер шілде айының соңына таман ауыстырылатынын айтқандарымен тамыз, одан әрі қыркүйекке дейін созылды. Әйтеуір күздің алғашқы айының бас кезінде уәде шындыққа айналып, ауыл атауы ақ фонға жазылды. Соңғы мәліметке сәйкес 707 тұрғыны бар көкжыралықтар үшін жоғарыда жазылған кемшіліктердің орны толса аудан әкімдігінің оңды жұмысының бір көрінісі болар еді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ