Күршімде әкімдік қызметкері шаруа қожалық иесіне жер беруден заңсыз бас тартқан

107
көрілім
Фото:almaty.tv сайтынан

Күршім ауданы әкімдігінің қызметкері шаруа қожалық иесіне жер беруден заңсыз бас тартқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күршім ауданының прокуратурасы тексеру барысында жергілікті атқарушы орган тарапынан жер заңнамасы нормаларының бұзылғандығын анықталды. Әкімдік қызметкері 2023 жылдың мамыр айында шаруа қожалық иесіне астық дақылдарын өсіру үшін жер учаскесін беруден бас тартып, мұны тиісті конкурстық рәсімдерден өту қажеттілігіне байланысты деп түсіндірген.

«Алайда бір жылға жуық уақыт өтсе де аудан әкімдігі жер учаскелерін беру бойынша конкурс өткізген жоқ. Прокуратураның ұсынысымен ШҚО Жер ресурстарын басқару департаменті аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 137-бабы 1-бөлігінің 16-тармағымен іс қозғады. Соның нәтижесінде шенеунік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 166 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді», - деп хабарлады облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Күршім ауданының жер қатынастары бөлімі тиісті конкурс өткізіп, жоғарыда аталған жер учаскелеріне жобалар дайындау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімін жүргізуде.