Күршімдік әйел-ана шекесі торсықтай үш ұлды дүниеге әкелді

1356
көрілім

Бала бақыты бұйырған жанұя шынайы шаттықтың кәусәрін тататындығы сөзсіз. Ал бір мезетте дүние есігін үш бірдей сәбидің ашуы күн сәулесіндей ыстық сезімнің шапағын еселей түспек. Күршім ауданы, Сарыөлең ауылының тұрғындары Әзімбек Назарбек пен Майра Күнкеннің жанұясы екі қыздан кейін ат тізгінін ұстар үш ұлмен толықты. Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығында кіндігі кесілген сәбилердің салмақтары 2 келіден асады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Мектеп партасынан басталған

1985 жылы дүниеге келген Әзімбек пен Майра Сарыөлең орта мектебінде бір сыныпта оқыған. Алтын ұяларынан түлеп ұшқан олар Алматы қаласына жоғарғы оқу орнына түсу үшін аттанады. Әзімбек қазіргі Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне, ал Майра әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға қабылданған. Жұптары жарасқан қос ғашық 2010 жылы шаңырақ көтереді.

Қазір Күршім ауданы, Сарыөлең ауылында тұрамыз, – дейді Әзімбек Назарбек,Өзімнің жеке кәсібім бар. Ал зайыбым орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Берекелі отбасы екі қызды тәрбиелеп келе жатыр. Үлкені Мәрмәр – 6-ға толса, кішісі Ақбота – 3-ке келіпті.

Үшем болатынын ең алғаш рет ультрадыбыстық зерттеуде (УЗИ) білдік. Бұл қуанышты хабарды естігенде төбем көкке екі елі ғана жетпей қалғандай шаттыққа бөлендім. Туған-туысқандар мен дос-жарандарға хабарласып, жағымды жаңалықтан құлағдар еттік. Бірақ араға біраз уақыт салып, қуанышым уайымға айналды. Жаратқаннан барлығы дұрыс болып, сәбилеріміз аман-есен дүние есігін ашса екен деп тіледім, – дейді отағасы.

Алланың сыйы

Майраның жүктілік мерзімі 7 ай болғанда Күршім аудандық орталық аурухана дәрігерлері оны облыс орталығындағы Ана мен бала орталығына жеткізеді. Ол жерде 1 жарым айдай жатқан әйел шекесі торсықтай 3 ұлды жарыққа әкелген. Сәбилердің салмағы 2 келіден асады. Бес баланың анасы атанған Майраның денсаулығы қалыпты.

Өзімді өте жақсы сезінемін, – дейді ол, – Бұл бізге Алла Тағаланың берген сыйы. Туысқандарым мен жақындарым мен үшін қатты уайымдады. Әркез қасымнан табылып, рухани және материалдық жағынан қолдау білдірді. Ана мен бала орталығына ең алғаш рет табан тірегенде патология бөліміне түстім. Ондағы дәрігерлер мен акушерлер баланың іште өсуіне көп көмек көрсетті. Босанғаннан кейін де менің және ботақандарымның денсаулығын бақылап, қолдан келген жәрдемдерін аяған жоқ. Оларға айтар алғысым шексіз.

Ана мен бала орталығы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Мажиринованың айтуынша, аталған орталық Майра Күнкен мен жаңа туған перзенттердің денсаулығын ары қарай да өз қадағалауына алып отырады. Себебі сәбилердің туғанына 42 апта толғанға дейінгі кезең өте маңызды.

Негізінен үшемдердің салмақтары аз болып туады. Нақты айтсақ, көбінесе 1 жарым келіге дейін жетеді. Ал Әзімбек пен Майраның балаларының салмағы – 2 100, 2 200, 2300 келіні құраған. Бұл қуанышты жаңалық, – дейді Қарлығаш Закимқызы.

Өз ризашылығын жеткізген Майра орталық дәрігерлеріне Алғыс хат табыс етті. Осы ретте, ақ халатты жандар да сыйлықтарын дайындап қойған екен. Олар сәбилердің ата-аналарына жаңа туған нәрестеге күтім жасайтын керек-жарақтар, жөргектер мен ойыншықтар сыйлады.

****

«Бала баққанша ара бақ» дейді қазақ халқы. Отбасы үш баламен толыққан Әзімбек Назарбек пен Майра Күнкеннің жүзінен шынайы бақыттың сәулесін аңғардық. Ана мен бала орталығын қоршаған күршімдіктер болса той-тойлап мәз мейрам. Ал кемелді келешекте ат жалын тартып мінер 3 сәби алаңсыз ұйқы құшағында тербеліп жатыр…

Біздің анықтама

Облыс орталығындағы Ана мен бала орталығында жыл сайын шамамен 9 мыңға жуық сәбидің кіндігі кесіледі. 2017 жылдың басынан бері мұнда 80 егіз туылған. Ал үшемнің дүниеге келуі тым сирек кездеседі. Нақты айтсақ, ары кетсе жылына 1 реттен ғана.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ