Күршімдік Мерғали Тулембаев 50 жыл ғұмырын балықшы болуға арнаған

834
көрілім

Қала тұрғындарының көбі балық аулауды хоббиге теңеп, қолы қалт еткенде өзен-көлдерді жағалап, қармақ салады. Рауан таңнан тыныштық желкенін көтеріп, су маңында сілтідей тынады. Дегенмен дауыл тұрып, толқын соққанда өлім мен өмір арасында қалатын балықшылар өмірі мүлде басқаша. Нәпақасын теңізден тергендердің еңбегі үнемі елене бермейді. Жуықта Күршім ауданына қарасты Жолнұсқау ауылының тумасы Мерғали Тулембаевпен әңгімелескен едік. Жасы жетпістен асқан қария 50 жыл ғұмырында балықшы болған. Сөзі де, ойы да жинақы жерлесіміздің өзендегі оқиғалары өзгеше, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бекіреге дейін бұйырды

Жолнұсқау тұрғындарымен байланысқа шығудың өзі бір «нәубет» екен. Түс ауа нөмірін теріп, кейіпкерімізден сұхбат алайық десек, ары жақтан хабар жоқ. Интернет машақатынан арылмаған ауыл. Кейде қоңырау барады да үзіліп кетеді. Кешкі сағат 19:00 шамасында кейіпкеріміздің қызы Әсем Мерғалиқызы тұтқаны көтеріп, сұхбат қазығы қағыла бастады. Мерғали Төлембайұлының түтіні Жолнұсқаудың басқа түкпірінде. Арада сүт пісірім уақыт өткенде тұтқаны әкесіне апарып, әңгіме қылы жалғана түсті. Кейіпкеріміз 1950 жылы Қызыл өгізде, қазіргі Жолнұсқау ауылында туған. Сұрапыл соғыстан соң жұрт еңсесі тіктеліп, ел ішінде тіршілік алауы қызған кез. Жерлесіміздің балалық шағы Қызыл өгіз төңірегінен асқан емес. Жұмыстан жасөспірімдер мен жігіттерге тыным жоқ. Ол кезде Күршімде балық зауыты әлі бой көтере қоймаған.

– 8-ші сыныпқа дейін Жолнұсқауда оқып, кейін балыққа жұмысқа кеттім. Аялдаған жерім – Тарбағатайдың Тұғыл ауылы. Жалпы, балық зауытында 1966 жылдан бастап істедім. Арада жыл өткенде сондай зауыт Күршімде де іске қосылды, – деді кейіпкеріміз.

Айтуынша, арғы аталары, әкесі, нағашы жұрты балықшы болған. Отан алдындағы борышын Ресейдің Мурманск облысына қарасты Североморск қаласында өтеді. Қысқасы, ол жақта да қарбалас тірлік теңізбен қабысып жатты. Жат өлкеге барған күнін әлі ұмытпапты: 1968 жылдың 9-шы қазанында жерлестері ауылдағы жалғыз жүк көлігін көлігін оталдырып, аудан орталығына дейін шығарып салған. Әскерден оралған бойда бұйырған жұмысқа білек сыбана кірісіп кете барды. Ғұмыры су бетіндегі тірлікпен сабақтасқан қария алдымен моторист, кейін бригадир қызметіне дейін атқарды. Ертіске ау құрып бастағанда алдағы бригадир болған Ақаш Қарағызовпен, учаске бастығы Қабыләшім Аманов ақсақалмен тізе қосты. Ол кезде Жолнұсқауда түтін саны мол, тұрғындар қарасы қалың-тұғын. Тек ойдағы елдімекендердің біразы су астында қалған.

– Өзіміз үш ағайынды едік. Қарындасым кезінде қызылшадан шетінеген. Бір інім бақилық болды, екіншісінің көзі тірі. Өмір өзен небір тосын сыйын дайындап тұрғанда судағы мазасыз шақ жалғасып жатты. Жас күнімізде Ертістің қоры мол болатын. Қазір де балығы тайдай тулайды, бірақ көрсеткіштері беймәлім. Алабұға, аққайран, шортан, сазаннан бастап, табан, қарабалыққа дейін шоршып, ауымыз толатын. Көксерке өзенге бертін жіберлді, – деді Мерғали Төлембайұлы.

Өңір тұрғындарына аталған балық түрлері бұрыннан белгілі. Тек «бекіре мен ақбалық та несібемізге айналды» дегенді естігенде жолнұсқаулық балықшының өз саласының білгірі атанғанын тағы бір аңғардық. Бір жағынан, ол уақытта ауланған әр балықтың сұрауы болатын. Есеп-қисабы бірден шығарылады. Онымен қоса, балық аулау – жеңіл өнеркәсіп саналғанымен, іс жүзінде әр азаматты ауыр жұмыс күтіп тұратынын айтты.

– Қыстыгүні қалыңдығы бір метрден асатын мұз оямыз. Оны ат айдайды. 1970 жылдары аяз қатты еді. Қыс айларында 40-45 градустан түспейтін. Тек 1981 жылдан бері қарай аяз беті қайтқан. Қуатты техникалардың жоқтың-қасы. Ауылымыздан 10 шақырымдай ұзап, балық аулап, стандарда (балықшылардың уақытша аялдайтын орны) жаттық, – деді жетпістен асқан балықшы.

Балықшылар күніне басымдық беріле ме?

Киген қолғабы кедергі жасаса, жалаң қолмен ау құрған кездер де болған. Алдын ала екшеп, жоспар құрмаса меженің орындалуы екіталай. Бір аумақта үш бригадир, учаске бастығы, онға тарта жұмысшы жұмылдырылып, өкімет бекіткен кестеден қалыспайды. Мерғали Төлембайұлы 50 жыл балықшы болған ғұмырында қабылдау пунктіне барған әр сәтін жіпке тізгендей айтып берді. Егер бір тонна балық өткізсе, түріне қарай топтап, есебі шыққан соң квитанция арқылы ақшасын алады. Бірақ уақыт өткен сайын кәсіптің бұл түрінің мәртебесі төмендеп бара жатқан көрінеді.

– Қазір қап-қап ауланатын балықтың қайда өткізіліп жатқаны белгісіз. Ертістегі балық қорынан көбі бейхабар. Балықшылар құқығын қорғайтын заң да жоқ. Осының бәрін түйсініп, сезіну үшін балықшылардың ортасында тұрып сұхбат құрған дұрыс па деймін. Ауланған балық үшін ешкім салық төлемейді. Біздің заманымызда бір балық сыртқа кетпейтін, барлығы есептеулі. Бригадир квитанцияларды жинап, балық топталған соң табель дайындайды. Оны апарып балық зауытына өткізеді. Есепші табыс салығын ұстап, әр айдың 25-і күні еңбекақымыз қолымыз тиетін, – деді жерлесіміз нақтылығынан жаңылмай.

Осы айтылған әңгіменің қорытындысы – табысын өзеннен тапқандардың әлеміне ешкім бойлап біткен жоқ. Мерғали Тулембаевтің «балықшылар тойын өткізерде балықшының өзінен ақша алады» дегені бармақ бастылық күні бүгінге жеңнен жалғасып жатқанын аңғартты. Өмірі өзенмен байланысқан қауымның өкпесі қара қазандай.

– Бұрын Балықшылар тойы дүркіретіп өткізілетін. Қазір оларға еңбек кітапшасы да берілмейді. Өз уақытында талай жоспарды орындаған азаматтардың маңдай тері сол күйі ескерусіз қалды. Бұл қара жұмыс. Шаршайсың. Егер еңбек кітапшасы берілмесе, ауланған балық квитанция бойынша бақыланбаса, онда бұл барып тұрған былық қой?! – деді кейіпкеріміз қазіргі түйткілді сабақтай түсіп.

Одан қалса, осыдан 50-60 жыл бұрын құрал-сайман, техникалармен өкімет қамтамасыз етсе, қазір керек-жарағын әр балықшы өзі сатып алатынын жеткізді. Қайық, жанармай, аудан бастап, қажетті заттарға қаражат өз қалталарынан шығып жатыр. Құм кешіп, қар омбылап жүріп көліктері сынады. Мотор істен шығып, бөлшектері бұзылады. Аудың орташа бағасы – 8-9 мың теңге. Бір балық кездейсоқ сатылып кетсе, құзырлы мекемелер қаһарын қарапайым еңбек адамына төгетіні белгілі. Кәсіптегі кемшін тұстарды тізбелеген қария өз уақытында марапаттарға ие болып, күршімдіктер арасында еңбегі ескерілгенін де жасырмады.

Салаға серпіліс керек

Шындығында, су бетіне шыққан әрбір сәт қауіпке толы. Жерлесіміз Зайсан көлі жайылған тұста ажал аранын ашқан кездерді әңгімелеп берді. Сатылымға темір қайықтар шықпай тұрып, ағаш қайықтың қатты желде аударылып түсуі оңай еді.

– Қатты дауылда қалған кезде жанымда Сәбиев Ахметхан деген моторист болды. Бір қайық аударылып, жағаға жете алмай қалдық. Әлі есімде, бұл 1972 жыл, қазан айының 18-і болатын. Таңертеңгі 4:00-де ау суырып, түс ауа сағат 11:00-ге дейін балық өткізуіміз керек. Одан кешіксек, балық тұтынуға жарамсыз деп танылады. Соған үлгерейік деп су бетіне шығып едік, дауыл үдеп кетті. Әйтеуір адам шығыны жоқ. Бір қайықтан көз жазып қалдық, екіншісі аман. Өзен ортасында бір тәуліктей тұрып, ес кетті, жан шықты дегенде жағаға жеттік, – деді балықшы.

Ал Құмархан Байрахметов бастаған екінші бригада жел басылған соң келесі күні жетті. Ауыр жұмыс жетегіндегі талай жігіт күн сайын бастапқы нүктеден 10-15 шақырымдай ұзап кететін. Тек кейінгі жылдары қайықтың түрі көбейіп, қорғануға арналған заттар сауда сөрелерін жаулады.

Салада серпіліс болмаған соң балықшы ауылдарынан тұрғындар да көшіп жатқан сыңайлы. Әсіресе жастар қатары сирек. Қызығы сол, жетпістен асса да жерлесіміз ұлы Амантаймен бірлесіп, әлі ау құрады. Жұбайымен жұптаса, төрт қыз, бір ұлды өсіріп жеткізген. Тоғыз немере, бір шөберенің атасы. Үш перзенті қазір Жолнұсқауда, бір-бір үй. Одан бөлек, екі қызы Алматы мен Өскеменде тұрып жатыр. Ата-анасының бағына біткен балаларының барлығы ұстаздық жолды таңдаған. Мақала шілденің екінші жексенбісінде атап өтілетін Балықшылар күніне орайластырып жазылды. 50 жыл ғұмырында балықшы болған қария зейнетке шыққанға дейін өз саласының үздігі атанып жүрді. Өткенге көз жүгірте отырып, назар аударуды қажет ететін бағыттарды сөз етті. Балық аулап байып кетпесе де, адал еңбекті ту еткен күршімдік жетпістен асса да тұғырдан таймаған. Құдай қуат берсін сізге!

Әділхан ЕСІМХАНОВ