Қызыл диплом біліктілік санатын алуда артықшылық бере ме?

622
көрілім

Жоғарғы оқу орнын үздік тәмамдаған жас мұғалімге қолындағы қызыл дипломы қызмет істеген кезде артықшылықтар бере ме? Бұл мәселенің қай педагог маманның болмасын көкейін тесетін сұрақ екені белгілі. "Кезінде қызыл дипломның көмегі ерен еді" деген оқырмандарымыз аталмыш құжаттың қазіргі уақыттағы көмегін білмей жатады. Десек те, кеңестік кезеңде ерекше бағаланған қызыл дипломның пайдасын қазір де көруге болатын көрінеді. Бұл бірінші кезекте ұстазға санаттылығын көтеру кезінде бірқатар мүмкіншіліктер береді. Атап айтсақ, бес жылда бір рет санат көтеретін қарапайым ұстазға қарағанда қолында қызыл дипломы бар жас маманның артықшылықтары басымдау.

Кезінде көмегі болған

Әңгіменің төркіні редакциямызға Тарбағатай ауданының Ақжар ауылынан қоңырау шалған оқырманымыздың сауалынан басталған еді. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап орта мектепте ұстаздық ететін қызының мерзімінен бұрын санаттылық алу жайын білгісі келген азаматша, баласының жоғарғы оқу орнын үздік тәмамдағанын алға тартты.

- Бұрын жоғарғы оқу орнын үздік тамамдаған жас ұстаздарға біліктілік санаты ертерек берілетін, - дейді оқырманымыз. - Бүгінде ол мәселенің қалай жүргізілетінін біле алмадым. Естуімше, ереже әлі де өзгертілмеген көрінеді. Бірақ ауылды жер болған соң заң талаптарын білетін білікті маманның жоқтығы аяғымызға тұсау болып отыр. Қызымның жұмыс істегеніне жеті айдан асып кетті. Осы аралықта қандайда бір санатқа өтіп, біліктілігін жаңартуға мүмкіндігі бар ма екен?

Осылайша баласының оқу-тоқудағы маңдай тері қызмет атқарған шағында ақтала ма деген оқырманымыз сауалына жауап іздеп газет редакциясына үміт артты. Оқырман сауалын назардан тыс қалдырмау мақсатымен біз облыстық Білім басқармасына хабарласып, қызыл дипломның санат алуда берер артықшылығы жайын білдік.

Санат алуда саналады

Облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмәділованың айтуынша, мұғалімнің жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдауы біліктілік санатын көтеруде артықшылық беретін көрінеді.

- Жоғарғы оқу орнын үздік бітірген жағдайда және бір жыл қызмет өтілі болғанда өтініш беруіне болады, - дейді ол. - Жалпы, мұғалімдердің біліктілікке өту үрдісі педагогтерді аттестациялау ережесіне сәйкес бес жылда бір рет жүргізілуі тиіс. Ал мұғалімдердің санаттылығын көтеру үрдісі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің "Білім саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрығымен бекітілген педагог қызметкерлерді аттестациялау ережесіне сәйкес педагог қызметкерлер мен мен оларға теңестірілген тұлғаларға біліктілік санатын беру үшін кезекті аттестациялау Заңның 51-бабына сәйкес кемінде бес жылда бір рет кешіктірілмей өткізіледі. Сонымен қатар, педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілік санаттарын көтеру үшін Заңның 51-бабы 2-тармағының 7-тармақшасына сәйкес біліктілік талаптарына сай өтініш негізінде мерзімінен бұрын аттестациялау өткізіледі.

Демек, қызыл диплом жас маманға біліктілік санатын көтеруде бірқатар артықшылықтар береді. Атап айтсақ, жоғарғы оқу орнын үздік тәмамдаған жас маман бір жыл ұстаздық еткеннен кейін біліктілік санатын белгілету үшін сараптама кеңесіне өтініш бере алады. Ал білім қызметкерлері аталмыш мәселе бойынша жергілікті жерлердегі білім бөлімдерінің жанынан құрылған педагогтерді аттестациялау комиссияларына хабарласа алады.

Біліктілік санатын мерзімінен бұрын алу үшін сараптама кеңесінің қарауына мынадай құжаттар ұсынылады:

  1. аттестациялау комиссиясына өтініш;
  2. аттестациялаудан өтетін педагог қызметкерлердің міндетті ұсынуға қажетті құжаттар көшірмелері;
  3. жеке басты куәландыратын құжат;
  4. білім туралы диплом;
  5. қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаты;
  6. бұрын берген біліктілік санаты туралы куәлік;
  7. біліктілікті арттыру курстарынан өту туралы құжаттар;
  8. кәсіптік жетістіктері туралы мәліметтер (болған жағдайда);
  9. педагогикалық тәжірибені жинақтау материалдары: эссе, шығармашылық есеп, кәсіптік қызметіне өзіндік талдау жасау;
  10. педагогтің ғылыми-әдістемелік қызметі туралы куәландыратын құжаттар: ғылыми-практикалық конференцияларға, шығармашылық конкурстарға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге, әртүрлі деңгейдегі педагогикалық оқуларға қатысу; мерзімді басылымдардағы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ғылыми-әдістемелік материалдар жарияланымдарының көшірмелері;
  11. педагог қызметкерлердің және оларға теңестірілген тұлғалардың қызметінің кешенді талдамалық жинақтаудың қорытындылары: пікірлер, оқушылар мен тәрбиеленушілерден, ата-аналардан, әріптестер мен әкімшіліктен алынған сауалнамалар нәтижелері; практика базаларының басшылары, жұмыс берушілер тарапынан пікірлер, ЖОО-ға түсу немесе еңбекке орналасу туралы ақпарат.
  12. соңғы үш жылдағы қызметкердің кәсіптік қызмет нәтижелілігінің динамикасы (мерзімінен бұрын аттестаттауда — 1-2 жыл).

Азамат ТЕМІРБЕКОВ