Мамыр мамыражай бола ма?

310
көрілім

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін "Қазгидромет" синоптиктері биылғы жаздың әдеттегі нормадан әлдеқайда салқын болатынын болжаған еді. Мамыр айы сол болжамның алғышартын сездіретін сыңайлы. Өйткені сәуір айының соңғы онкүндігіне қарай бұзылатын күн райы мамыр айының ортасына дейін жалғасуы ықтимал. Белгілі метеосайттардың болжамына сенсек, мамырдың бірінші және екінші онкүндіктері негізінен жауын-шашынды болып, ауа температурасы салқын болатын көрінеді.

Мамыр айының 1 мен 10 жұлдызы аралығында Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде жауын-шашынды ауа райы орнап, ауа температурасы күндіз +7… +24, түнде 0… +13 градустық межеде тұрақталуы мүмкін. Мамырдың бірінші онкүндігінде өткінші жаңбыр соңы толассыз ақ жаңбырға ұласатын күндер саны көп болуы ықтимал.

Айдың екінші онкүндігінің де басым бөлігі жауын-шашынды болып, салқын түндер саны сақталып қалады. Аталмыш кезеңде ауа температурасы күндіз +12… +23, түнде +2… +10 градустық межені көрсетпек. Мамырдың 11, 14, 15, 16 және 17 күндері аспанды бұлт торлап, арты нөсер жауынға ұласады. Онкүндіктің қалған күндері алабұлттанып, арасында өткінші жауын себезгілеп өтуі мүмкін.

Мамырдың үшінші онкүндігінде жауын-шашын мөлшері азайғанымен, түндегі ауа температурасының төмендігі сақталып қалады. Мамыр айының 20-жұлдызынан кейінгі күндері түнде жауын жауып, таңға қарай күн ашылатын болады. Бұл уақытта ауа температурасы күндіз +12… +17, түнде +3… +9 градустық межеде тұрақталады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ