Марал шаруашылығын дөңгеленткен катонқарағайлық Дариға Исабаева туризм саласының дамуына елеулі үлес қосуда

1967
көрілім

Марал шаруашылығы — қазақтың ата кәсібі болмаса да, осы істі ілгерілетіп отырған азаматтар өңірімізде аз емес. Ал бұл салаға ден қойып, кәсібін дөңгеленткен нәзікжандылар тіптен некен-саяқ. Неге дейсіз бе? Өйткені маралдың мал шаруашылығынан ерекшелігі көп. Жартылай үй, жартылай түз тағысы болып келетін жануардың қыр-сырын меңгеру әйел заты үшін тіптен қиын екені рас. Сондықтан бұл жұмысқа бірден бел шеше кірісу екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Әкеден қалған мұраға бас-көз болып, марал өсіруді мақсат еткен катонқарағайлық Дариға Исабаева ерекше шаруашылықты дөңгелентіп, өңірдегі туризм саласының дамуына елеулі үлес қосып отыр. Ол халық денсаулығына дәстүрлі медицинадан бөлек әдіс ұсынған жан. Кәсіпкер әйелдің есімі бүгінде туған жерінен әрі асып, Елордаға дейін жеткені, еңбегінің еленіп, «Туризм саласының үздігі» атануы да осыдан болар.

 

Бүркіттаудың„ бөктеріндегі шаруашылық

Қысқаша мәлімет бере кетсек, бүгінде Дариға Исабаеваның отбасына тиесілі «Баян» марал шаруашылығы Катонқарағай ауылының іргесіндегі „Бүркіттаудың„ бөктерінде орналасқан. Соңғы жылдары табиғат аясына келіп, маралдың сорпасына түсуді мақсат еткен туристер ондағы марал басының 40 пайызға дейін көбеюіне үлес қосқан. Катонқарағайда, Өскемен қаласында, сондай-ақ Астанада ашылған пантымен емдеу және SPA-салондары медициналық туризм аясында пациенттеріне түрлі қызметтер ұсынуда. Бұдан бөлек, облыс орталығында қолға алынған панты өнімдерін дайындайтын зауыт маралдың мүйізі сияқты шикізатты соңғы межеге дейін өңдеп, ем алушыларға 16 түрлі дайын өнімді ұсынуда.

- Әңгімемді ата-анамнан бастайын. Әкеден қалған мұраға оның балалары – біз ие болып отырмыз. Ол кісі облысқа танымал азамат болған еді. Жол жөндеу саласына ерекше еңбегі сіңген, «Құрмет» орденінің иегері әрі самбо спортынан КСРО спорт шебері болды. Бүгінде ортамызда жоқ болса да, әкеміздің ісін анамызбен бірге жалғастырудамыз. Отбасында үш бала болдық. Үлкен ағам әкеміздің жолын қуып, жол жөндеу саласында жұмыс атқаруда. Кіші сіңілім Баянның облыс орталығында сән салоны бар. Анамыз Өскемен қаласындағы панты өнімдерін шығаратын зауыттың жұмысын жүргізуде. Жалпы, ешқайсымыз да қол қусырып, біреуге алақан жайып отырған адамдар емеспіз. Әрқайсымыздың өз ісіміз, жеке мақсатымыз бар. Бұл ең алдымен ата-анамыздың бізге берген тәрбиесі деп ойлаймын, - дейді Дариға Темірбекқызы.

 

Туризм саласының үздігі

26 ақпан күні Шығыс Қазақстанда «Чарующий Восточный Казахстан, прекрасный Китай» қытай мәдени-туристік көрмесі өткен еді. Екі ел арасындағы туристік кластерді дамытуға бағытталған шараға қысқы маусымдағы демалыс базасымен қатар пантымен емдеу орталықтары да қатысты. Қос тараптың туроператорлары бір-бірімен кездесіп, пікір алмасқан шарада Дариға Исабаеваға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Туризм саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

- Бұл біздің өңір үшін алғашқы болмаса да ауданымыз үшін, осы салада еңбек етіп жүрген катонқарағайлық әріптестерім үшін үлкен абырой болды. Мен бұл жетістігімізді Катонқарағай ауданындағы 14 пантымен емдеу орталықтарының ортақ табысы деп білемін. Мен жақсы жұмыс істедім, олар жаман істеді деуге келмес. Бұл - барлығымыз 15 жыл бойы бірлесе атқарған еңбектің жемісі. Бастапқы кезеңде ауданымызда туризм деген мүлдем болған жоқ. Әдегенде мақсатымыз маралдың саны мен сапасын көтеру міндеті еді. Мақсатымызға қол жеткізген соң туризмге, оның ішінде нақты медициналық туризмге ден қойдық, - дейді Дариға Исабаева.

Қытайлықтармен әріптес болу үшін бірінші кезекте қызметті халықаралық стандартқа сәйкестендіру керек. Осы ретте пантымен емдеу орталықтарының базасын кеңейтіп, көрсетілетін қызмет санын көбейту міндеті пайда болды. Дегенмен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген Исабаевтар отбасы үшін бұл қолдан келер іс екені анық. Жалпы, Шығыстың көрікті өлкесі Катонқарағайға ағылған туристер саны соңғы жылдары еселеп артқаны рас. Шөбі шүйгін, көгі майса өңірден жанына жайлылық, дертіне шипа іздеген емделушілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылуда.

 

Пантымен емдеу орталығын кеңейтілмек

- Биыл жазда мүйіздің суына түсу маусымы аяқталған соң өз тарапымнан жеке инвестиция құйып, Катонқарағайдағы пантымен емдеу орталығын кеңейтуді ойластырып отырмын. Яғни қазіргі 50 орындық орталық алдағы уақытта 80 орынға дейін кеңеймек. Міне, сол кезде біз шетелдік қонақтарды да қымсынбай қарсы алатын боламыз. Соңғы уақытта шипажайларымызға келетін қонақтарға кешенді қызмет көрсетуді қолға алып жатырмыз. Бұрын дәрі-дәрмекті басқа жақтан тапсырыс беріп алдыратынбыз. Қазір олай емес, өйткені 2013 жылы Өскемен қаласында панты өнімдері дайындалады зауыт ашқан едік. Бүгінгі таңда онда 16 түрлі панты өнімдерін дайындаймыз, - дейді Дариға Темірбекқызы.

Дәрі-дәрмек химиялық қоспасыз Алтайдың емдік шөптерінен дайындалады. Бүгінде кәсіпорынның емдік шөптерді өңдейтін зертханасында өнімнің сапалы дайындалуына бел шеше кіріскен бірнеше маман бар.

- Катонқарағай ауданында орналасқан пантымен емдеу орталығынан бөлек Катонқарағай ауылында 18 орынға арналған кішігірім пансионатымыз да бар. Тау бөктерінде орналасқан пансионатқа негізінен егде жастағы адамдар келіп емделеді. Мұндай адамдардың көбінде қан қысымы жоғары болатыны белгілі. Осы себепті оларға биіктікке көтерілу тым қауіпті. Мұнда арнайы дәрігер мамандар мүйіздің сорпасына түскенге дейін және түскеннен кейін пациенттердің қан қысымдарын өлшеп отырады. Бұдан бөлек біздің орталықтарда кардиолог, гинеколог, уролог дәрігерлер да қызмет көрсетеді, - деп қосты Дариға Темірбекқызы.

 

Олардан үлгі алуда

Марал мүйізінде кездесетін он бестен астам макро, жиырмадан астам микроэлементтер, 18 түрлі аминқышқылдары бірінші кезекте адамның бойындағы қатерлі дерттің алдын алып, иммун және жүйке жүйелерін көтеруге септігін тигізеді. Көңілі жайланып, денесі тазарған ағзаның гармондары жақсарады. Ол өз кезегінде адамның бауыр, бүйрек, жүрек, қан тамыры жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне жол ашады.

- Жалпы, мүйіздің сорпасына түсетін уақыт бар-жоғы үш айға ғана созылады. Осы себепті зауыт ашқаннан кейінгі келесі міндет – еліміздің басқа қалаларында пантымен емдеу орталықтарын ашу болды. Өйткені өңірімізден шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындары осы уақыт аралығында Катонқарағайға келіп емделіп үлгермейді. Осы себепті біз Өскемен қаласында пантымен емдейтін SPA-орталық ашып, оған фито және панты бөшкелерімен емдеу, булау, маска жасау әдісін қолдануды бастадық. Сондай-ақ Астана қаласында да осындай бір орталықтың жұмысын жүргізудеміз. Осы жұмыстардан соң Ақтөбе және Ақтау қалаларынан әдісімізді франчайзинг арқылы жалғастыруды жөн көрген азаматтар табылды. Қазір ол қалаларда да біздікі сияқты пантымен емдеу орталықтары жұмыс істеуде, - деп қосты сұхбаттасушымыз.

«Пантымен емдеу орталықтарына жету еш қиындық туғызбайды», - дейді ол. 2009 жылдан бері такси жүргізушілерімен келісімшартқа отырған кәсіпкер азаматша алыстан келген кейбір қонақтарды алдын ала автобус бекетінен, вокзалдан, не болмаса әуежайда күтіп алатынын айтты. Жол мұратын мақсат еткен жолаушының межелі орынға тоқтаусыз әрі шаршамай жетуі үшін барлық жағдайдың қарастырылғанын айтады.

- Өзімізге жеке шағын автобус алуға да болушы еді. Бірақ одан гөрі жекеменшік таксишілерді жалдағаным жөн деген шешімге келдім. Осылайша біз оларды да жұмыспен қамтимыз. Бұдан бөлек, орталықтарда тұрақты түрде 16 адам жұмыс істесе, мүйіз кесу және сорпалау маусымында жұмысшыларымыздың саны отыздан асып кетеді, - дейді Дариға Темірбекқызы.

 

Бала кезден бой үйреткен кәсіп

Әйел адам үшін бұл жұмыстың қиындығының да жоқ еместігін алға тартқан Дариға өзіне келгенде жағдайдың мүлдем өзгеше екенін айтады. Бала кезінен осы марал төңірегіндегі шаруаларға араласып өскен ол бүгінде бұл жануарды күтіп-бағудың қыр- сырымен жақсы таныс. Мүйіздің кесілуінен, оның дайын өнімге айналуына дейінгі кластерді қалыптастыра білген бизнес-леди жұмысты жүргізу үшін басты керегі - ұжыммен ұйыса білу екенін айтады.

- Қиын емес. Біріншіден, әкеден қалған мұра, ата-анамның бастап берген жолы. Бала кезден маралдың сорпасына түсіп, пантымен емделуді көріп өстік. Кішкентай кезімізде ауырып-сырқай қалсақ анамыз бір-екі қасық маралдың қанын ішкізіп жіберетін. Әп-сәтте дертімізден құлан-таза айығып шыға келетінбіз. Екіншіден, өз ісіңді жаныңдай жақсы көріп, сонымен ғана өмір сүру деген ғанибет. Үшіншіден, менің ұжымым, әріптестерім. Еңбекқор, білімді мықты жандар. Қиындыққа төзіп, жақсылыққа жанымыз жадырап 11 жыл бойы бір ұжым болып бте қайнасып келеміз. Әрбір жұмысшым өз ісінің маманы. Осындай ұжыммен біз үшін алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ! Бастапқы жылдары әкемнің кенже інісі Болатбек ағамыз қолұшын созған еді, енді ер жетіп қалған әкемнің үлкен немересі, атасының тәлім-тәрбиесін көрген Сұлтан да жұмысқа кірісе бастады. Осылайша ұжым болып, отбасы болып ортақ мақсатқа қол жеткізіп келеміз, - деп әңгімесін тәмамдады өлкеміздің бизнес-ледиі атанған іскер де жаңашыл жан Дариға Исабаева.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ