«Мәңгілік Даңқ» шеруі өтті

312
көрілім
Виктор Абакумов

9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Өскемен қаласында «Мәңгілік Даңқ» шеруі ұйымдастырылды. Жүздеген қала тұрғындары мен қонақтары Славский атындағы жағалауға жиылып, Даңқ Мемориалына дейін салтанатты түрде жүріп өтті.

Ел тыныштығы үшін жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізген Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткенімізге биыл 73 жыл толып отыр. Майдан даласында ерен ерлік көрсеткен ерлердің есімі аспандағы көп жұлдыздардың арасындағы үркердей жарқырап, тарих беттерінде мәңгі сақталары сөзсіз. Қалыптасқан дәстүр бойынша 9 Мамыр күні Өскемен қаласында «Мәңгілік Даңқ» шеруі болып өтті. Сағат 9.00-де Славский атындағы жағалауға жүздеген қала тұрғындары жиналып, Мәңгілік алауға дейін жүріп өтті.

– Шеңгелін жайған сұрапыл соғыста елі мен жерін қорғап жан қиған жауынгер аталарымыздың қаны бостан босқа төгілген жоқ. Қазір бірлікте, ынтымақта алаңсыз өмір сүріп жатқанымыз солардың өшпес ерліктерінің арқасы. «Мәңгілік Даңқ» шеруі арқылы Батырларымыз бен ардагерлеріміздің есімдерін дәріптегіміз келеді, – дейді қала тұрғыны Меруерт Айтбекова.

Шеруге ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай және өңірлік басқармалар мен департаменттердің басшылары мен мамандары қатысты. Сағат 11.00-ден асқанда Даңқ Мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі басталды. Гүл дестелерін ұстаған билік өкілдері, кәсіпорын жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ