Облыс орталығында бүгін «Мен қазақпын» халықаралық байқауының іріктеу кезеңі өтеді

699
көрілім

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында бүгін сағат 17:00 уақытында «Мен қазақпын» халықаралық байқауының іріктеу кезеңі өткізіледі, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы ұлт өнерін ұрпаққа насихаттау мақсатында «Мен-қазақпын» халықаралық байқауын жариялаған болатын. Өскеменде өтетін іріктеу сайысына 18-40 жас аралығындағы қазақ композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуімен орындайтын өнерпаздар қатыса алады. Кіру тегін.

Байқаудың басты мақсаты – қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу. Ол үшін арнайы топ әрбір облысты аралап, жобаға қатысушыларды іріктейді. Оқ бойы озық шыққандар телевизиялық байқауға жолдама алады.

Ал шет елдердегі байқаулар шілде айында ұйымдастырылмақ. Осыдан кейін көрермен қауым байқаудың күнделігі мен негізгі конкурсын теледидардан көре алады. Жеңімпаздар «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталады.