Олжас Олжақанов: Әзірше тынығып алу керек, ары қарай оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар күтіп тұр

562
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Еркін күрестен еліміздің спорт шебері, Тарбағатай ауданының тумасы «Ұлы дала батырлары» атты спорттық шарасындағы белдесуі мен өзі қатысқан Әлем чемпионаты жайлы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олжастың айтуынша, жуырда ғана оқу-жаттығу жиынынан келген. Оған дейін Рим қаласында жастар арасында өткен әлемдік аламанға қатысып, 65 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады. Десе де жүлдеге іліге алмады.
– Бұл менің екінші Әлем чемпионатым. Мұның алдында кадеттер арасындағы жаһандық жарыста бақ сынадым. Рим төрінде бірінші белдесуімде АҚШ палуанына жол бердім. Ол өз кезегінде өзбек спортшысынан өте алмай, артынша мен де жұбаныш белдесуіне шыға алмадым. Ал бүгінгі шараға келсем, ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Жиі өткізілсе тіптен тамаша. Қарсыласым Ернұр Нұрғазымен бұған дейін екі рет жолықтым. Өте мықты, елішілік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Әзірге тынығып алу керек, ары қарай оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар күтіп тұр. Не дегенмен, бұл жағын жаттықтырушыммен кеңесермін. Інім Ілияс та көрермендерді қуанта алды деген сенімдемін. Оның да салмағы өсіп келеді, дайындықты тоқтатпау керек. Биік белестерден көрінетіндігіне сенім мол. Ілиястан кейін тағы бір інім де күреспен айналысады. Жалпы, өз салмағымда елімізде мықты қарсыластар жетерлік. Айталық, Әділ Оспанов, Адлан Асқаров және басқалары, – деп қорытты сөзін Олжас.

Інісі Ілияс Ерболатов

Айта кетейік, Олжас Ернұр Нұрғазыдан басым түсті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ