Өскемен қаласында 12 көшенің атауы өзгертілмек

327
көрілім

Облыс орталығында қазаққа еш қатысы жоқ адамдардың атауы берілген көшелер жетіп артылады. Соңғы жылдары ел мүддесін ойлаған зиялы қауым өкілдерінің мұрындық болуымен сең қозғалып, көше атаулары біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Жуықта қала әкімдігінде өткен қоғамдық тыңдауда Өскеменнің 12 көшесіне жаңа атау беру мәселесі талқыға салынды.

Қоғамдық тыңдауға қатысушылар ең алдымен атауы жоқ 4 көшеге атау беру жайын саралады. Олар сол көшелерге Жақия Шәйжүнісов, Лев Гумилев, Армандастар және Мейірім атауларын беру жайлы шешім қабылдады. Осыдан соң облыс орталығындағы 12 көшенің атын өзгерту жайлы сөз қозғалды. Қоғамдық тыңдауда Октябрьская көшесіне Мұхаметжан Тынышпаевтың, Крупская көшесіне Евгений Брусиловскийдің, Революционная көшесіне Қалихан Ысқақтың, Советская көшесіне Александр Затаевичтің, Дзержинский көшесіне Әміре Қашаубаевтың, Киров көшесіне Антон Чеховтың, Орджоникидзе көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Меновное ауылындағы Советская көшесіне Адольф Янушкевичтің, І.Айтықов көшесіне Асар атауын, Головков көшесіне Бейбітшілік атауын, Куйбышев көшесіне Нарын атауын, Калинин көшесіне Шыңғыстау атауын беру ұсынылды. Қалалық мәслихат депутаттары жаңа атауларды бірауыздан қолдады. Енді соңғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия шығармақ.

– Қоғамдық кеңес қаладағы бірқатар көшелердің өзгеруімен қатар, Головков көшесіне бұрынғы тарихи аты Бейбітшілікті қайтарып беру туралы шешім қабылдады. Головков - кезінде сепаратистік пиғылмен «Шығыстың жерін Ресейге қосу керек» деп ұран салған, гипершовенист, мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қарсы, тілімізге қарсы үндегендердің басында тұрған сұрқия саясаттың иесі болатын. Сондай арам пиғылдағы бүлікшіл адамға 2002 жылы Мир көшесіне атының берілуі мүлде адам түсінбейтін масқара жағдай еді. Енді міне бүгін осы мәселеге байланысты әділеттілік орнайтын болды. Мир қазақшаланып Бейбітшілік көшесі деп аталатын болады. Мұны тәуелсіздігіміздің жемісі әрі жеңісі деп білемін. Қоғам белсенділерінің ұсынысын қолдаған қалалық әкімдікке, қалалық депутаттар корпусына алғысымызды білдіреміз! – дейді «Алтай асуы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.

1) Жақия Шәйжүнісов – ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. 1914 жылы Абай ауданы Құлменді ауылында дүниеге келген. 1933-1938 жылдары Көкпекті балалар үйінде оқу ісінің меңгерушісі, 1938 жылдан демалысқа шыққанша осы балалар үйінің директоры болды. Жақия Шайжүнісов Социалистік Еңбек Ері атанып, Ленин, “Құрмет белгісі” ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

2) Лев Гумилев – тарих және география ғылымдарының докторы, ақын. Қазақстанның ежелгі тарихын жетік білген. Ресей жаратылыстану ғылыми академиясының академигі, география және тарих ғылымының докторы, ұлы дала халықтарының тарихын зерттеген маман. Пассионар этногенез теориясының негізін салушы.

3) Мұхаметжан Тынышпаев – қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері. 1879 жылы 12 мамырда қазіргі Алматы облысы Қабанбай ауданында туған. 1900 жылы Тынышпаев Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық жол қатынасы институтына түсіп, 1906 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп шыққан. Мұхаметжан студент кезінде-ақ қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, баспасөз беттерінде орталық билікті сынайтын мақалалар жазып, патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізді. Ол патша үкіметіне оппозициядағы партиялардың ұйымдастырған іс-шараларына атсалыса араласты.

4) Евгений Брусиловский – композитор, Қазақстанның халық әртісі. Ол қазақ музыка өнерінде еуропалық бағыттағы шығармашылық мектептің қалыптасуына үлкен үлес қосты. 9 опера, 2 балет, 9 симфония мен 500-ден астам әндер мен романстар, сондай-ақ Қазақстан Әнұранының музыкасын М.Төлебаев және Л. Хамидилермен бірігіп жазды. Брусиловский қазақтың ұлттық әндерін өз шығармаларында жоғары шеберлікпен пайдаланды. Композитор 250-ден астам қазақ ән-күйлерін жазып алған. Ол “Қыз Жібек”, “Жалбыр”, “Ер Тарғын” сияқты алғашқы қазақ операларының авторы.

5) Қалихан Ысқақ – қазақ прозасының қара нары атанған жазушы, сыншы, драматург, аудармашы. 1935 жылы Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті осы ауылда, орта мектепті Үлкен Нарын ауданының Жұлдыз ауылында бітірген. “Қоңыр күз еді” атты алғашқы повесі 1963 жылы жарық көрген. Кейін “Дос хикаясы” (1963), “Менің ағаларым” (1965) повестер мен әңгімелер жинақтары, “Тұйық” (1975), “Қара орман” (1980), “Ақсу – жер жаннаты” (1989) романдары басылды.

6) Александр Затаевич – композитор, этнограф, музыка және қоғам қайраткері. Алғашқы музыкалық білімін сол Орёл қаласындағы әскери гимназиядан алған. Біраз жыл бойы Варшава консерваториясы жанынан шығатын «Варшава күнделігі» аталатын газетте музыка рецензенті қызметін атқарып, орыс, батыс классиктерінің шығармаларын, сондай-ақ халық музыкасын насихаттаумен айналысқан. Ол алғаш рет қазақтың халықтық музыкасы шығармаларымен 1920 жылдың басында Орынборда жүрген кезінен-ақ таныса бастайды. Александр Затаевич қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтауды өзіне парыз санаған жанның бірі. Ұлты басқа болса да қиын-қысталаң кездерде әр түрлі көлік атаулымен, болмаса жаяу-жалпы аралап, халқымыздың ән-күйлерін музыка белгілерімен (нотамен) хатқа түсірген.

7) Әміре Қашаубаев – қазақтың атақты әншісі, актер әрі музыканты. Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабында туған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа отбасында туып өскен. Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады.

1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», тағы басқа әндерді орындап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды.

8) Антон Чехов – орыс жазушысы, әңгімелер, повестер, пьесалар авторы, драматург. Дүние жүзіндегі ең ұлы жазушылардың бірі деп танылған ол әлем драматургиясының классикасына айналған шығармалардың авторы. 1884-1885 жылдары дәрігерлік қызметпен айналысып, «Ресейдегі дәрігерлік жұмыс» атты еңбегін жазды. Тұңғыш әңгімелер жинағы – «Мельпоменаның хикаялары» 1884 жылы жарық көрген.

9) Сағадат Нұрмағамбетов – әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі. 1942 жылы әскер қатарына шақырылған. 1-ші Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. 1992 жылы ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалады. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған.

10) Адольф Янушкевич – поляк халқының көрнекті демократ - революционері, көсемсөзші. 1830 жылы поляктардың ұлт-азаттық көтерілісіне белсене араласты. Сол көтерілістердің бірінде жеті рет жараланған ол қолға түсіп, 25 жылға Сібірге жер аударылды. Янушкевич айдаудың алғашқы 12 жылын Сібірде өткізіп, кейіннен Тобылда, Есілде тұрған. 1841 жылы Омбыдағы шекаралық басқармаға ауысуға рұқсат алды. Іс қағаздарын тіркеуші қызметін атқара жүріп, 1843 жылдан бастап қазақ даласына дүркін - дүркін сапарға шығатын экспедициялар құрамына енгізілді. Осы сапарларда көргендері мен білгендерін күнделігіне түсіріп, Польшадағы туыстарына хат арқылы жолдап отырды. Оны әсіресе, қазақ елінің меймандостығы, әдет-ғұрпы, тілі, салт-санасы, ақындық, шешендік өнерлері қатты қызықтырды. Қазақтың сол кездегі толағай тұлғалары үйсін Мәуке би, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы, сұлтан Барақ, ақындар Жанақ пен Орынбай жөнінде естелік, пікірлері аса құнды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ