Өскемен қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеуші ер адам Аягөзге қашып кеткен

1068
көрілім
Шартты фотосурет.

Семей қаласында бірнеше еркекпен ұйымдасып үй тонаған аягөздік 4 жылға темір торға қамалған. Арада 1 жарым жылдай уақыт өткенде қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесіне ауыстырылған ер адам Өскемен қаласындағы құрылыс жұмыстарына да тартылады. 2017 жылдың шілде айында Есенберлин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысында жүрген 31 жастағы еркек ыңғайлы сәтті пайдаланып, тайып тұрған. Араға 8 ай салып полицейлер оны Аягөз қаласынан тауып алады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аягөз ауданының орталығында дүниеге келген Төлеген Құматаев (аты-жөні өзгертілген) заңды бір емес бірнеше рет белден басқан. Осы үшін ол түрмеге талай рет қамауға да алынады. Алайда жазасын өтеп бостандыққа шыққан ер адам, сабақ алғанның орнына, қылмыс жасауын жалғастыра түскен. Нақты айтсақ 2003, 2006 жылдары заңбұзушылыққа жол берген аягөздік 4 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал 2010 жылы есірік суға сылқия тойып алып көше кезіп жүрген Төлеген өзіне бейтаныс екі адамды тоқтатып «неге амандаспайсыңдар?» деп ізденген. Онымен қоймай, ашуға булыққан ер адам екеуін соққыға жығып, жәбірленушілерге дене жарақаттарын түсіреді. 4 жылдан соң Семей қаласында екі ер адаммен сөз байласқан Төлеген Құматаев тұрғын үйлерге заңсыз кіріп, бағалы дүние-мүліктерді ұрлаған. Семей қалалық №2 сотының шешімімен 4 жылға түрмеге қамалған еркек 1 жарым жылдан соң, қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесіне ауыстырылады.

Өскемен қаласы Есенберлин көшесіндегі құрылыс жұмыстарына тартылған Төлегенге жымысқы ой келген. Айналасында ешкімнің жоқтығын пайдаланған ер адам сағат 8.30-да қашып кетеді. Іздеу жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары 31 жастағы еркекті тек 8 ай өткеннен кейін тапқан.
Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушы:

– Өз кінәмді толық мойындаймын. Осындай әрекетке отбасымды қатты сағынғандықтан бардым. Әйелім мен 6, 5 және 2 жасар балаларымды құшағыма алғым келді. Бұл істегеніме қатты өкінемін, – деп жауап берді.

Сот үкімі бойынша Төлеген Құматаев ҚР Қылмыстық Кодексінің 427-бабымен кінәлі деп танылып, 2 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады.