Өскемен қаласының тұрғыны ұрлық жасаудың жаңа амалын ойлап тапқан

315
көрілім

Облыс орталығында ер адам дәмхана бармендері мен дүкен сатушыларының ұялы телефондарын жымқыруды әдетке айналдырады. Бойында есірткіге тәуелділігі бар өскемендік заңсыз жолмен тапқан ақшасына есірткі заттарын сатып алып отырған. Бұл жайлы Өскемен қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды.

Өзінің алғашқы ұрлығын Станислав Алексеев (аты-жөні өзгертілген) абайсызда жасаған. Дәмханада демалып отырған ол барменнің қосалқы бөлмеге жиі кетіп қалатынын байқайды. Ал сол уақыттарда оның үстеліндегі бағалы планшет қараусыз жатады. Қалтасы жұқарып кеткен ер адамға осы кезде жымысқы ой келген. Бармен тағы да қосалқы бөлмеге бет бұрғанда лезде қимылдаған Станислав планшетті жымқырып, сол жерден тайып тұрады. Олжасын сатып жіберген еркек түскен ақшаға есірткі алған. Келесі күннен бастап өскемендік осы әдіс арқылы дүкен сатушыларының бағалы заттарын ұрламаққа бел байлайды.

Дүкендерге кірген сәтте Станислав Алексеев бірінші кезекте сатушының үстелінде смартфон бар ма, жоқ па екендігін шолып қарайды. Егер бар болса, сатушыны қосалқы бөлмеге жіберу үшін сөреде жоқ нәрсені сұрайды. Ал сатушы алыстаған кезде ол бірден телефонды ұрлап қашып кеткен. Полиция қызметкерлерінің қолына түспей тұрып ер адам дәл осындай амалмен бірнеше дүкен сатушысына материалдық залал келтіреді.

Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында Станислав Алексеев өз кінәсін толықтай мойындады. Сот үкімі бойынша айыпталушы 2 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар ол 200 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ