Өскеменде Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударған Ербол Жұмағұлмен онлайн кездесу өтті

1706
көрілім

Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада Абайдың қара сөздерінің орыс тіліндегі көркем аудармасын жасаған Ербол Жұмағұлмен онлайн кездесу өтті.

Кездесуде ақынның Абай аудармаларын қалай аударғаны, көтерген мәселелеріне абайтанушылардың пікірі жайлы сөз қозғалды.

- Бұл абайтанушылардың атқарар тікелей міндеті, көтерер жүгі ғой. Оларға қойғым келетін сұрағым көп. Абайды орыс тіліне қате аударсақ, басқа тілдерге де қате жетеді. Себебі қазақшадан тікелей ағылшыншаға немесе французшаға аударатын ешкім жоқ. Бәрі орысшадан тәржімелейді. Қара сөздерді аударғаным былтыр ағылшын тілінде Лондонда кітап болып жарық көрді. Енді басқа тілдерге аудару жағын да қарастырамыз. Таяуда ғана мені хакімнің туған өлкесі Абай облысына шақырды. Сонда Семейдегі Шәкәрім және Әлихан Бөкейхан атындағы университеттерге барып, кездесу өткіздім. Студенттер, магистранттар мен абайтанушылар да болды. Олар маған қолдау танытып, жылы лебіздерін білдірді, - дейді Ербол Жұмағұл.

Оның айтуынша, аударма барысында жұмыс үстелі түрлі сөздікке толып кеткен. Оның ішінде қазақ-орыс, қазақ тілінің түсіндірме сөздігін, араб, парсы, татар, қырғыз сөздіктерін де қолданған.

- Өзім екі рет Оңтүстік Кореяға кинофестивальге барған едім. Кәріс халқының бір-біріне деген сыйластығы, кішіпейілдігі мен мейірімділігі таңқалдырды. Дүкендегі сатушы бір тиын ақшаны қайтарғанда екі қолына ұстап, басын иіп тұрып береді екен. Қазақстанға келіп көлік тізгініне отырғанымда жолдағы жүргізушілердің өздерін қалай ұстайтынынан-ақ көңілге қаяу түсті. Адам жолда өзін қалай ұстаса, көшеде де, үйде де солай жүреді ғой. Бізге бір-бірімізге деген жанашырлық, мейірбандық жетіспейді. Абай да сол үшін қазақты сөккен. Өз-өзімізді сынамасақ өспейміз. Хакімнің сөздерін сол үшін оқуымыз керек. Одан сабақ алып, нәтиже шығаруымыз қажет, - дейді ақын.