Өскеменде «Арбат» аумағын қоқыстан тазартып жатыр

296
көрілім

Қаланың әр түкпірінде жалғасып жатқан сенбілік аясында кәсіпкерлер мен коммуналдық мекеме өкілдері аянып қалмауда. Айтуларынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы көпшілік арасына достық қарым-қатынас орнатуға себепші, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айталық, біраз уақыт бұрын «Арбат» маңында кофе сататын орын ашылып, соның қожайыны қызметкерлерімен бірлесе, еңбекке қызу кіріскен.

– Акция өтеді деп айтылғалы біз де шет қалмауды мақсат еттік. Қазір қарамағымда кофе дайындайтын бес қызметкер бар. Әр апта сайын өз ауламызды тазалап тұруға тырысамыз. Терезелерді жуып, кофехананың алдын сыпырамыз. Одан бөлек, қазір біз «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, пластикалық бөтелкелердің қақпағын қайта өңдеуге жіберу үшін жинап жатырмыз, – деді Жалғас Мәдиев.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаевтың сөзінше, «Арбат» аумағында 15-ке тарта кіші және орта бизнес өкілдері бар. Осы акцияға қатысамыз деп өздері ниет білдіріп, өтінімдерін берді.

– Көбі мекеме терезесін жуып, сүртіп, ауласын сыпыруда. Қыстан қалған қоқыстар бар, соларды жинайды. Бұл жерде тек шағын немесе орта бизнес өкілдері еңбегімен шектеліп қалуға болмайды. Жастар тынығып отыратын орындықтарды сүртіп, сырлау жұмыстары да атқарылуы керек. Ол үшін біздегі шаруашылық мекемесі өкілдері қолұшын беруде, – деді бөлім басшысы.

Айта кетерлік жайт, шаһар көшелерін тазартуға қаладағы өзге де кәсіпкерлер өз үлестерін қосуда. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Өскемен бойынша 3000-нан астам шағын және орта бизнес өкілдері бар. Олар да сәт сайын өтінім қалдыруда. «Таза Қазақстан» акциясы тұтас қаланы қамитды.