Өскеменде ардагер журналист мерейтойы қарсаңында онлайн конференция өтті

678
көрілім

Өскеменде журналист, жазушы, публицист, аудармашы Айтмұхамбет Қасымовтың 70-жасқа толу мерейтойына орай республикалық онлайн конференция өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қатерлі індет жер-жерде кеулеп тұрғанына қарамастан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Тарих, филология және халықаралық қатынастар факультерінің басшылығы мен «Журналистика» мамандығының оқытушылары аймақтық журналистиканың алға басуына сүбелі үлес қосқан ұландық журналист, ҚР Журналистер мен Жазушылар одағының мүшесі Айтмұхамбет Қасымұлының туған күніне орай тізе қосып ұйымдастырған онлайн конференцияны ойдағыдай өтті деуге толық негіз бар. Бастысы жоспарға енгізілген спикерлер толықтай байланысқа шығып, алдымен ардагер журналистің шығармашылығы мен еңбек жолы туралы баяндамаларын оқыса, соңына қарай шәкірттер тарапы қаламгердің өңірлік басылымды өрлетудегі еңбегін атап, мерейтойы қарсаңында жылы лебіздерін білдірді. Конференция республикалық деңгейде өтіп, ел көлемінде өзіндік қолтаңба қалдырып үлгерген журналистер мен оқытушылар сөз алды. Әр спикер Айтмұхамбет Қасымұлының адамгершілік болмысы, маман ретіндегі орны мен шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Алдымен университет ректоры Мұхтар Төлеген ақжарма лебізін айтып, конференцияның маңыздылығына тоқталса, іле модератор есебінде сөз алған филология ғылымдарының кандидаты Сәкен Тоқанов журналистің тәжірибесі толысқан маман ретіндегі рөліне атап өтті. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» шолушысы Сұңғат Әліпбаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Жақыптың, ардагер журналист Жұмәділ Әділбаев, профессор Ғалия Ибраева сынды өз ісінің үздіктері рет-ретімен туған иесінің журналистиканың барлық баспалдағынан өткен тісқаққан журналист екендігін әралуан мысалдармен жеткізді.

– Нағыз журналиске тән қасиет – бар ақпаратты бос сөзбен толықтырмай, нақты айғақтармен дәл етіп жаза білу. Айтмұхамбет Қасымұлының жазу стиліне қарап, деректермен қалай сауатты жұмыс істей алатындығын байқау қиынға түспейді. Оның азаматтығын көрсететін бір қыры – жеке бас тәртібі. Тәртіп ол үшін қашан да басшылыққа алынатын қасиет. Өзінің мұқияттылығының арқасында талай тың мақалалар мен еңбектер жарық көрді, – деді Сұңғат Әліпбаев.

Ал филология ғылымдарының кандидаты Гаухар Рахимбаева журналист қаламынан туған көркем-деректі шығармаларының жанрлық түрленісіне тоқталып, нақты талдау жасады. Расымен де, Айтмұхамбет Қасымұлының «Арулар әлемі», «Туған жер әуендері» сынды кітаптарындағы ұтымды тіркестер мен «Тарихи жол» кандидаттық диссертациясындағы кейіпкерлер арасындағы диалог мен монологқа, ондағы ой толғаныстарының қалай жеткізілгендігіне жіті мән берді. Тіпті баяндама соңына қарай Айтмұхамбет Қасымұлы сынды тәжірибелі журналистер мен қаламгерлердің еңбектерін өңірлік білім беру бағдарламасына енгізілуі жөнінде ұсыныс білдірді. Конференция соңына қарай арша қатысушылар журналистің маусым айының 29-ы күні болатын туған күнін Журналистер күнімен тұспа-тұс келуін қуаныштың еселенуі деп білді.