Өскеменде гандболдан өткен ел чемпионатының Жоғарғы лигасында «Алтай» командасы екінші орын алды

668
көрілім

3-8 маусым аралығында гандбол спорты бойынша әйелдер арасындағы Супер және жоғарғы лига командаларының қатысуымен ҚР XXV Чемпионатының 5 кезеңі болып өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық деңгейде өткізілген сайысқа Жоғарғы лигадан 11, Супер лига құрамынан 6 команда қатысты.

Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Қостанай, Қызылорда қалаларынан келіп қатысқан спортшылар тартысты ойын көрсете білді.

– Аймағымызда гандбол спорты жыл санап дамып келеді. Қаламызда өтіп отырған республикалық чемпионатта жеңіске жеткен әрбір команданы құттықтап, алдағы ойындарда сәттілік тілеймін, – деді «Алтай» спорт клубының директоры Асхат Ақылбеков.

Тартысты сайыста гандбол ойындарының Супер лига командасынан «Іле» командасы (Алматы облысы) І орынға «Қайсар-КАМ-КГУ» командасы (Қызылорда қ.) ІІ орынға және «Алматы» командасы (Алматы қ.) ІІІ орынға ие болды. Мықты қарсыластарға тап болған жерлестеріміз, яғни «Алтай» командасы IV орынды қанағат тұтты.

Жоғарғы лига командаларына жүргізілген қорытынды бойынша келесі командалар жүлделі орынға ие болды: «Казыгурт» командасы (Шымкент қ.) 1-ші, «Алтай» командасы (ШҚО) 2-ші, «Север» командасы (Павлодар қ.) 3-ші орын.