Өскеменде Қазақстан-Германия ғылым және технология институты ашылады

1589
көрілім

Қазақстан-Неміс университеттері ректорларының форумы аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қазақстан-Германия университеті металлургия және тау-кен ісі саласында ғылым және технология институтын ашу туралы негіздемелік келісімге қол қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің қатысуымен өткен шара кезінде ел ғылымын дамыту жағы сөз етілді. Келісім бойынша Металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ғылым және технологиялар институты құрылып, инженерия саласындағы үздік неміс тәжірибесі елімізде қолға алынбақ.

Жоба мақсаты – еліміздің шығыс өңірін өркендету, әл-ауқатын және орнықты дамуын жүзеге асыру үшін зерттеулер, білім және инновация "білім үштігіне" негізделген платформа құру.

- Ғылым және жоғары білім саласындағы саясат білім мен ғылымды интернационалдандыруды кеңейтуге, тұрақты және тиімді байланыстарды қалыптастыруға бағытталған. Ынтымақтастық негізі үш түрлі бағытта жүргізіледі. Біріншісі, білім беру: бұл металлургия, машина жасау, геология және тау-кен ісі, пайдалы қазбаларды байыту, тұрақты даму бағыттары бойынша екі дипломды және бірлескен кадрлар даярлау. Екінші бағыт - металлургия және материалтану, геодезия, геология және тау-кен ісі, тұрақты даму саласындағы бірлескен зерттеулер. Үшінші бағыт – инновациялар - ғылым мен өндірістің инновациялық кластерін, бірлескен ғылыми жобалар, бизнес-инкубатор құру және стартап жобаларды іске қосу. Эксперименттік өндірістер мен пилоттық желілерді құру, - деді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы-ректор Сәуле Рахметуллина.

Металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы институттың құрылуы ел ғылымын және технологияларын дамытудағы, сондай-ақ екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтудағы маңызды қадам болып отыр.