Өскеменде «Қазақстанның ең үздік тауары» көрме-байқауы өтті

1044
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Жылда ұйымдастырылатын шараға 70-тен астам тауар өндіруші келген. Дәстүрге айналған байқау 15 жылға жуық үзбей өткізіліп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараның өтуіне Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы мұрындық болған. Өңір көлемінде өздерінің үздік деген өнімдерін әкелген іскер жандар Б.Александров атындағы Спорт сарайында бас қосты. Облыстық Кәсіпкерлер палатасындағы бөлім басшысы Іңкәр Аманбаева жеңімпаздар үш номинация бойынша анықталатынын айтты.

- Үш номинация бойынша үш жеңімпаздан таңдалады. Топ жарған тоғызы Астанада өтетін республикалық конкурста бақ сынайды. Бұл көрме Қазақстан Республикасы Жарлығы негізінде жылда өткізіледі. Бүгін 70-тен аса кәсіпкер қатысуда. Жеңімпаздарды тиісті комиссия анықтайды, - деді Іңкәр Ержанқызы.

Тауар өндірушілер түрлі өнім-бұйымдарын әкелген. Әр байқауға тұрақты түрде қатысып жүргендерден бөлек, жақындарының қолқа салуымен тұңғыш рет келгендері бар. Солардың бірі өскемендік Ирдан Гайсин. Көбінесе еңселі ескерткіштер мен кеуде мүсіндер жасайды. Қолөнер бұйымдарын әзірлеп жүргеніне 45 жылға жуықтаған.

- Әкімдік өкілдері конкурс жариялап, соған қатысамыз. Жуықта Ұлан ауданында Қасым Қайсеновтің ескерткішін жасау бойынша техникалық сипаттама шығарылды. Одан өткен соң тиісті комиссия жұмысымызды қабылдап, лайықтысын таңдайтын болады. Алдымен пластилиннен сұлбасын жасаймын. Сұлбасы дайын болған соң, монумент жасауға кірісемін, - деді Ирдан Гайсин.

Әкімдік мүсіншінің жобасын құп көрген. Жуықта келісімшартқа қол қойып, өскемендік шебер жасаған Қасым Қайсеновтің ескерткіші Ұлан ауданының орталығында бой көтермек. Биіктігі – 3,5 метр.

Ал жалпы көрме қорытындысы төмендегідей:

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында

1 орын - «Arlan» ЖК

2 орын - «Рауан» ЖШС

3 орын «Shanyraq» ЖК

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»

1 орын - «Казахстанское промышленное предприятие» ЖШС

2 орын - «IZOTERM» өндірістік-сауда компаниясы» ЖШС

3 орын - «Попов Виктор Сергеевич» ЖК

«Үздік азық-түлік тауарлары»

1 орын - «Восток-Молоко» ЖШС

2 орын - «Алтын Қазан ШҚ» ЖШС

3 орын – «Дакиев Ержан Мейрамұлы» ЖК.

Бұл ретте облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге республикалық конкурста сәттілік тіледі.

Әділхан ЕСІМХАНОВ