Өскеменде көру қабілеті нашар балалар «Дойбының сиқырлы әлемін» шарлады

444
көрілім

Көру қабілеті нашар балаларға арналған №14 мектеп-балабақша кешенінде «Дойбы тақтасына саяхат» ашық сабағы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кітапхана тифлопедагогі Гүлбану Күзекбаеваның «Дойбының сиқырлы әлеміне» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл сабақ балаларды дойбы ойынына үйретіп қана қоймай, өзара ынтымақтастыққа баулиды. Сабақ барысында дойбы туралы әртүрлі сұрақтар оқушылар арасында талқыланып, ойын ережелері түсіндірілді.
- Бұл біз ойнайтын қарапайым дойбы емес, ақ дойбылар қара дойбылардан біраз ерекшеленеді. Оларды сипап сезу арқылы ажыратуға болады. Ақ  түсті дойбылардың беті дөңес болып, ортасындағы жиегімен ерекшеленеді. Қара түсті дойбыларда ондай ерекшелік жоқ. Ол балалардың сезгіш қабілетін арттырып, логикалық ойлау жүйесін шындайды. Сонымен қатар біз көзі нашар көретін балаларға арнайы оқыту жүйесін де үйретеміз. Басында осы іске аяқ баспас бұрын жай ғана оқырманы болып жүрген едім. Қазір осы іспен айналысып, балаларға көмегімізді тигізу үшін барымызды салып жүрміз,  -деді Гүлбану Күзекбаева.


Тәрбиешілердің сөзінше, осы жоба арқасында балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, ақыл-ойы мен адамгершілік қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Олар көру қабілетін сақтай отырып, кітапхана іс-шараларына белсенді араласып, гаджеттерден алшақтайды.


- 1982 жылдан бері біздің ұйым балабақша болып жұмыс атқарып келеді. 1997 жылы мектеп-балабақша болып ауысты. Қазір оралыққа келетін балалар саны – 147, оның 67-сі бастауыш сынып оқушылары. 2002 жылдан бері кітапханамен бірлесіп әртүрлі жобаларды іске асырып келеміз. «Дойбының сиқырлы әлеміне» жобасына 3-4 сынып оқушылары қатысып отыр. Бұл ойын балалардың көру қабілеттерін шындайды, еске сақтау қабілетінің дамуына үлкен септігін тигізеді. Осы орайда көзі нашар көретіндерге арналған кітапхана өкілдеріне алғысымды білдіремін. Болашақта да көптеген жобаларды бірге атқарамыз деген ойдамын,- деді балабақша директоры Динара Түсіпқызы.

Валентина ГЕОРГИВНА