Өскеменде облыстық деңгейде Құран жарысы болып өтті

774
көрілім

ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі қасиетті Рамазан айында мешіт жамағаттары арасында «Рамазан-Құран айы» атты облыстық Құран жарысын өткізді. Шараға өңірге қарасты аудан, қалалардан 30-ға жуық мешіт жамағаты қатысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түрік елінен қарилар мен осы мешіттің имамдары жарысқа қазылық жасады. Сайысқа қатысушы мешіт жамағаттары Құранды жүзінен оқу, тәжуид ережелері, үзінділер оқу қатарлы талаптар бойынша сынға түсті. Қатысушылар қасиетті Құранда бар нақышымен оқып, өздерінің осы сайысқа аса тыңғылықты дайындалғандықтарын көрсетті.

Бұл Құран оқудың шеберлерін анықтаған жоғарғы деңгейлі бәсеке болды. Сайысқа жамағаттар аса ынталы қатысты. Алыс-жақын аудандардан келіп, асыл Құранды құрметтеп, бар ынта-жігерін сайысқа арнаған жамағаттарға алғыс білдіреміз, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Сайыс қорытындысы бойынша Шемонаиха аудандық мешіті жамағаты Жасұлан Дәукен 1-орынды жеңіп алды. Басқа да жеңімпаздар марапат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға Құран үлестірілді.