Өскеменде оқушы санының көптігінен ата-аналар балаларын орыс тілді мектептерге беруге мәжбүр

977
көрілім
Красин кентіндегі №5 аралас мектеп, фотосурет автордікі

Кейде шенеуніктер мен әралуан саладағы жауапты тұлғалар белгілі бір сандар жиынтығын ұсынғанда «Осының не керегі бар? Айтқандары мен істегендері еш қабыспайды» деп жатады көпшілік. Алайда дәл осы мәселені сөз еткенде мұндай ойдан гөрі қазақ қарадомалақтарының қаланың бір шетінен екінші шетіндегі мектепке барып, сабылып жүрген сәттері көз алдымызға келеді. Жуырда газет редакциясына хабарласқан ата-аналар балаларының тұрғылықты мекенжайы бойынша мектепке баруы реттеліп, білім беру ошақтары сыйымдылығынан ауытқымаса деген өтініш-шағымдарын жеткізді.

Көпшілік кежегесін кейін тартып

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, Өскеменде барлығы 51 мектеп бар. Ондағы оқушылар саны 42 мыңнан асады. Бірақ негізгі мәселе бұларды сырт айналып өтіп, шаһардың орталығына ойысып тұр. Орталық базар артында №35-ші мектеп бар. Ресми мәліметке сүйенсек, мұнда 1365 оқушы білім алып жатыр. Ұстаздар пікірінше, сапалы білім беру үшін бұл жағы айтарлықтай кедергі, әсіресе бастауыш сыныптарға қиын. Көпшіліктің осы мекемеге келгенде әлденеден сескенгендей ақпарат беруден ат тонын ала қашқандарын да жасырмаймыз.

– Оқушылардың көбі дерлік орталықтағы мектептерге барады. Тіпті қаланың басқа шетінен келетіндер де бар. №35-ші мектептегі оқушылар саны 1000-нан асады, осыған қарай кей ата-ана баласын Лев Гумилев атындағы №38-ші гимназиясына апарады, лажсыздан. Ал бұл орыс тілді мекеме. Кейбірі №35-ші мектепті бұрынғы әскери кафедра болған деп жатады. Күні бүгінге дейін мұнда бір сыныпта 30 оқушыдан білім алады, – деді қала тұрғыны Рахметхан Жұбанышов.

Бұл жерде Ыбырай Алтынсарин атындағы №39-шы мектеп те назардан тыс қалмады. Ол жақтан балаларын №38-ші гимназиясына апарулары да тегіннен емес, себебі ондағы оқушылар саны – 1051-ге жеткен. Рахметхан Жұбанышовтың көкірегін қынжылтқан жайт – ата-аналардың ұл-қыздардын қазақ тілді мектептерден орыс тілді білім ошақтарына берулері. Сабақтың толыққанды мемлекеттік тілде өтпеуінен олардың ой-санасы да басқаша жетіледі дейді.

«Өскеменнің өзге түкпірінен де әкеледі»

Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухинаның сөзінше, 51 мектептің 12-сі мемлекеттік, 19-ы орыс тілінде білім береді. Осыған қарап-ақ көтеріліп отырған мәселенің қаншалықты өзекті екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл ретте №35-ші және №39-шы мектептердің сыныптары, тіпті спорт залдары да салыстырылды. Ата-аналар алғашқысының әлдеқайда тар, әрі 300 оқушыға артық екендігін таңданыспен жеткізді. Қазақ тілді мектеп болса да, ғимараттағы білім алушылардың мөлшерден тыс көп болуынан оқыту біршама қиындайды. Өскеменде 20 аралас мектептер бар. Бірнешеуінде оқушы саны 1000-нан асып жығылады. Солардың ішінде №15-ші мектеп көш бастап тұр, 1458 оқушы оқып жатыр. Бұл жерде әрбірі ұлын, я қызын тұрып жатқан үйіне қарай барынша жақын маңдағы мектепке беруге тырысатындықтары сөзсіз. Дегенмен қашықтау жерде орын тепкен мекемеге де шаһардың әр түкпірінен әкелетіндер аз емес. Айталық Оралхан Бөкей атындағы №44-ші лицейіне Самсоновкадан, кейде Ахмер кентінен келіп білім алады. Десе де Самсоновкаға келгенде ол жақтан бірнеше жыл көлемінде аталған лицейге келіп оқып жүр деп те айтылуы мүмкін.

– Өзім білім беретін сыныптарда шамамен 25-26, кейбірінде 30 оқушы бар. Көп жағдайда пәндерді екіге бөлініп оқиды, сол кезде кабинет жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселе екі ауысым кезінде де сақталады. Ата-аналардың бірен-сараны Өскеменнің өзге түкпірлерінен әкеліп жатады баласын, – деді №44-ші лицейінің мұғалімі Асылжан Нұғыманов (аты-жөні өзгертілген).

Аяқ асты Жібек-маталар комбинаты ықшам ауданындағы білім ордасына ойысқанымыз тегіннен емес. Өскеменнің орталығындағыдай болмаса да, 1068 бүлдіршін мен жасөспірім білім алып жатқан іргелі лицейде де осы жағдайдың кейде көрініс беретіні рас.

«Нұрлы Жолдағы» нысан

Бұл мысалдардың барлығы алып-ұрып мектеп салынсын дегенге негізделмейді. Тек қазақ және орыс тілді мектептердегі оқушы санын реттеу, мүмкіндігінше әрбірінде білім алушылар санын 1300-1500-ден азайтудың басшылыққа алынуы маңызды. Оған қоса, соңғы бес жылда бой көтерген білім ордасы да бас-аяғы екеу екен. Бәлкім, сол уақытта көтерілген мәселе шешімін табуы үшін осы да жеткілікті болған шығар, алайда оқушы санын реттеудің дұрыс механизмі әлі күнге дейін қалыптастаған. Ал бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан 19-ықшам ауданындағы № 48 мектеп-қосымша білім беру орталығы мен № 49 жалпы білім беретін мектебі 1000 оқушыға шақталған. Екеуі де мемлекеттік тілде оқытады. Динара Шаухина оқушы санының артуы, тұрғын үйлердің салынуы мен ішкі көші-қонға байланысты алдағы жылдары мектептер салынатындығымен бөлісті. Естеріңізде болса, бұл туралы жуырда шаһар басшысы Жақсылық Омар да мәлімдеген болатын.

– Оның ішінде, 600 орындық «Нұрлы Жол» ықшам ауданындағы мектептің құрылысын салу мемлекеттік сараптамадан өтті. Бүгінгі күні құрылыс компаниясын анықтауға конкурстық процедуралар жүріп жатыр, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Директордың ағаттығынан алыс...

Иә, бұлар ЖМК, Сол жағалау аумағындағы құрылыстар. Ал Рахметхан Жұбанышов жалпылай алып, № 35 мектептің 600-700 оқушыға арналғанын алға тартты. Мұнымен сабақтастырып жаңа мектептер салынғанша сапалы білім беру кенжелей түсетіндігін жабырқтай жеткізді. Ата-аналар мұның барлығын директордың ағаттығымен байланыстырмайды, дұрысы, қолда бар мүмкіндік оңтайлы қолданылмай отыр.

– Балаларым сонда оқиды. Компьютерлер мен интерактивті тақталар кейде қаңырап тұрады, соларды рет-ретімен жүргізетін маман да жетіспейді. Қазақ тілді мектептердің аздығымен қатар, олардың кейбірі қаланың шеткері аумақтарында орналасқаны да қынжылтады. Мүмкін Меновное мен Ахмер кентінде бар шығар, – деген азамат Динара Шаухина ұсынған мәліметті дөп басты. – Жанға бататыны сол, орталықта осы жағы реттелмеген.

Сайып келгенде, оқушы санының көптігі мен білім берудегі кейбір күрделі сәттер бір мектептің екі мәселесін көрсетіп тұр. Бұл ретте оқушы саны 1000-нан асатын бірнеше білім беру мекемесінің тізімін ұсынуды жөн көрдік.

Мектеп атауы

Оқушы саны

1

Заки Ахметов атындағы № 16 орта мектеп

1225

2

№ 15 орта мектеп

1458

3

№ 19 мектеп-қосымша білім беру орталығы

1036

4

Мұхамет Шаяхметов атындағы № 23 орта мектеп

1439

5

№ 24 орта мектеп

1324

6

№ 26 орта мектеп

1403

7

№ 27 орта мектеп

1168

8

№ 35 орта мектеп

1365

9

Оралхан Бөкей атындағы № 44 лицей

1068

10

№ 46 орта мектеп

1844

Үш жылда төрт мектеп

Бұл былтыр, яки болмаса биыл пайда болған түйткіл емес. Бірі ұлын шалғайдағы мектепке жалғыз жіберуге жүрексінсе, бірі қызының көппен бірге тарыққан сыныпта лайықты білім алмауы мүмкін дегенді алға тартты. Ал Рахметхан Жұбанышовтай азаматтар жан-жақты олқылықтың барлығын ескерген.

Айтпақшы, Меновное мен Ахмерде 1000 орынға арнап салынған мектептің екеуінде де талаптан ауытқушылық байқалады. Алғашқысында 1342, ал екіншісінде 1227 оқушы білім алып жатыр. Сонда қамкөңіл ата-ана мысал еткен 600-700 орынға шақталған мектептердің жайы мұнымен салыстырғанда әдепкі тірлікке айналып кеткендей.

Қала әкімі Жақсылық Мұқашұлы алдағы үш жылға деп жоспарлаған төрт мектеп құрылысы 4080 орынға арналатынын айтқан, демек сыйымдылығы 1020 оқушыдан бөлінеді деуге болады. Әзірге Өскеменде 42869 оқушы білім алуда. Динара Тоқсанбайқызы айтқандай, ішкі көші-қон жағын ескерсек, сол үш жылда білім алушы бүлдіршіндер саны 43-44 мыңнан асып жығылуы әбден мүмкін. Ал Өскеменнің орталығына келсек, тағы бір мектептің ашылғаны әсте орынды болар еді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ