Өскеменде өзгеше спектакль сахналанды

168
көрілім
Фотосуреттер ШҚО драма театрының баспасөз қызметінен

Облыстық драма театрында мысырлық романист Нагиб Махфуздың шығармасына өрілген «Үлкен үй» қисса-драмасының премьерасы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әдеттегідей бұл жолы да адам қалың жиналды. Сенбі мен жексенбінің кешінде шаһар жұрты театрға ағылса, демек жаңа туындының тұсауы кесіледі немесе өткенге көз жүгіртіп, алтын қордағы спектакльдердің бірі көрермен жүрегіне жол тартады. Бұл жолы өзгеше шығарма. Тылсым әлем мен сана сан-саққа кеткен сәт қатар өріліп, шығарма жиналған жұртты соңына дейін тырп еткізбеді. Айта кетейік, «Египеттің Бальзагы» атанған драматург романы негізіндегі қойылымды Жас көрермен театрының әртістері көптің назарына ұсынды. Қоюшы режиссер Жәнібек Маханбетияр «Үлкен үй» қисса-драмасының желісіне тылсым әлем сырын келістіре жасырған.

Сонысымен де ерекше еді. Отырғандар «декорация мен хореографиядан қапы жоқ» десті. Әйткенмен бір шаңырақтан тараған бірнеше ұрпақ туған әкелерінен теріс бата алып, артынша Ібілістің азғыруына түсуі оқиғаны күрт шиеленістірді. Оқиға желісі одан әрмен ширап, бауыр еті балалары әралуан жағдаяттарды бастарынан кешіреді. Бірақ үлкен үйге деген сағыныш оларды сол жаққа қайта-қайта жетелейді. Ібілістің арбауы әр баланың санасына иірімдене сіңсе де, сағыныш сезімі сөне бастаған үміт отын қайта жағады. Актерлердің диалогтарынан философия байқалды. Сырт көзге аңғарылған жайт, сахнада басы артық қимыл көрінбеді. Мистика да төбе көрсетті. Бастысы, қисса-дастанның бүккен әсері көптің жүрегінде көпке дейін сақталары сөзсіз.

Айтпақшы, премьераны белгілі театр сыншысы Анар Еркебай келіп тамашалап, жылы лебізін білдірді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ