Өскеменде тоғыз жылдан бері ешбір сый-сыяпат көрмеген тыл ардагері тұрады

676
көрілім

Мұндай да болады екен. Қала әкімдігінің қамқорлығынан қағылған кейуана жайлы кездейсоқ естідік. Бұл туралы құлағымыз қалай шалды дегеннен гөрі, жау қыспаққа алғанда, тылда жүріп еңбек сіңірген қарт неге елеусіз қалды деу орынды сияқты. Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылының тумасы Жазира Мергенчинованың оқырман үшін де, көпшілік үшін де сый-құрметтен шет қалғаны шынымен қызық жайт. Жағдайды біліп көру үшін өзімен жолығып, артынша қала әкімдігіне сұраухат жіберген болатынбыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Ондайды естімедік, көрмедік»

Жауапты тұлғалар жіберген жауаппен тұщымды ақпарат ұсыну қиын. Қала басшылығындағылар ресми хатты Өскемен қаласы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жіберген. Атауы ұзақ мекеменің жіберген жауабы тым қысқа, әрі толымсыз. Алдымен оқиға барысына үңілейік.

Жазира Мергенчинова қазір Абай даңғылы мекенжайында тұрады. Көкжыра ауылынан Өскеменге 2013 жылы қоныс аударған. Әрине, жалғыз емес: келіні, ұлы және қос немересімен у-шуы үзілмейтін шаһарға ат басын тіреді. Содан бері қаншама жыл өтсе де Жеңіс күні, Қарттар күні қарсаңында сыйлық тұрмақ, бір құшақ гүл де қолына алмаған. Осыларды мысал етсек, туған күні мен алдағы 8-наурыз жайлы сөз қозғаудың өзі артық шығар.

Мергенчиновтар шаңырағы облыс орталығына келе салысымен тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеліп қойған. Жазира әжеміздің әр жылы елеусіз, қарттарды қамтитын мейрам күндерін жым-жырт өткізетіндігі әсіресе ұлы Дулат Биғазыұлының жанына қатты батқан. Әкімдік пен тиісті мекемелердің есігін қағып, «қарт адамға құттықтау бола ма?» деп Өскеменге келгелі бір-екі рет қана барған көрінеді. Қалған уақытта көңіл қуантатын күтпеген қоңырау түсер ме деген үмітін ескек етіп келеді. Тыл ардагері, «Ана даңқы» ордені, «Алтын алқа» иегері үш жылдан астам уақыт баспана кезегіне тұрған. Бірақ кезек жарытып жылжымаған көрінеді. Тоқсанның екеуін толтырған әжеміз жақындарының амандығын тілеп, барға қанағат деп жүріп шенеуніктер қарастырған сый-құрметтен күдер үзгенін әңгімесін тыңдай отырып аңғару қиын емес.

– Жо-жоқ, ондайды естімедік, көрмедік. Осында келгелі мүлгіген тыныштық. Ауылда жүргенде Жеңіс күні «әкімияттағылар» әр жылы сыйлық әкеліп, бір ауыз құттықтауын жеткізуші еді, – деген Жазира Мергенчинова тылдағы тынымсыз тірліктен де үзінділер айтып отырды.

«Өгіз үйреткенде өліп кетуіміз мүмкін еді»

Қариясын назардан тыс қалдырған мемқызметшілердің келте жауабын ұсынбас бұрын сұрапыл соғыс жылдарындағы қарбалас шаққа бір сәт ойысайық. Самар ауданы аумағында асау тайыншамен алысып, өгіз айдаған өрімдей жасөспірімдер арасында Жазира әже де бар. Пысық-ширақ, қашан да жинақы.

– Жастар ысқырып, қиқуға басып, үйретілмеген өгіздерді біркісідей айдайды. Ең асауын алдыға жектік, момындары солардың ізін ала шананын сүйрейді. Осылай жүріп, үш-төрт күн уақыт өтеді. Бастыққа жарақат алып, мертіккенің аса маңызды емес – жұмыс бітсе болды. Кешке әбден діңкелеп үйге жетеміз. Шаршаған түрімді көрген Нұрбәтіш шешем «Шыдай тұр қызым, көп ұзамай әкең де келіп қалар» деп жұбатып қоятын. Содан бір жылы біздің жақта бидай шықпай қалып, қазіргі Алтай ауданының бір ауылына жіберді. Ол жақта қап-қап бидайды комбайнға тасып, біршама тер төктік. Жұмыс қауырт еді, комбайн бір сәт кідіргенше демалыс жоқ, – деді кейіпкеріміз.

Жеңіс жақындаса да, шаруа шаш етектен

40-50 келілік қанар-қаптарды тоқтаусыз тасыған өзі қатарлас қыздардан қазір біреуі ғана қалған көрінеді. Сөзінің арасында «Мен жүрмін әйтеуір» деп Жаратқанға тәубе еткені бар. Қызының қарбалас тірліктен әбден қалжырап жүргенін көрген анасы «Шыдай түс, шырағым» деп шыр-пыр болады. Бірақ сарыла күткен Қайса әкесі соғыстан сол беті оралмапты. Бұл уақытта қара жұмысқа әбден дағдыланған қыздар аштыққа біртіндеп бой үйретісті. Кішілеу аяққа құйылған картоп көже мен бір күрешке қара шайды күні бойы талғажау етеді.

– Қарнымыз ашты деп айтуға болмайды. Асқазан шұрқырай бастаса түскі асқа телміреміз. Кешкісін ас-су ұсынса ұсынады, жоқ болса тынығып алуға тырысатынбыз. Қыста қар тоқтатқан кездер әлі есімізде. Бидай бітік шықсын деген ой ғой. Құнарлы деген жерді таңдап, екі қыз екі жақтан тұрып күрекпен үйгенде, әжептәуір биік төбешіктерге айналатын. Содан жаз соңында өнім байқалып, қамбаға аз да болса бидай төгілді, – деді Жазира Мергенчинова.

Жылдар сырғып өтіп жатты. Неміс басқыншыларының шебі қирап, айбыны кеми бастаған. Бұл 45-ші жылдың көктемі. Әжеміздің айтуынша, кеңес әскерінің күш ала бастағанын ел-жұрт өзара айта бастаған. Десе де колхозда жұмыс әлі де шиеленісіп тұрды. Тылда тер төгіп жатқандардың бет-жүзі біртіндеп қуқыл тартып, қарбалас тірлікке де әбден ысылып алған. Еңбекке келгенде кежегесі кейін тартқандарға аштықпен күресуге тура келетін. Қысқасы, қолы қимылдағанның ауызы да қимылдады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жер-жерде қалыпқа келтіру жұмыстары басталғанда бұрымдылар ер-азаматтармен барлық дерлік тірлікке араласты. Кейіпкеріміздің айтуынша, аптап ыстықта шөмеле үйісіп, қыстың көзі қырауда ауылдан бірнеше шақырым жердегі сельсоветке мәлімет қағазды жаяу жалпылы апарып жүрді. Мәлімет деген сол – жұмысшылардың қанша өнім, жүн алғаны, қанша шөмеле үйілгені жайлы ақпар ғой. Әсіресе, қыста қауіпті дейді Жазира әжеміз. Төңіректі тінткен тағылар тап бере ме дегенде зәре жоқ. Оқиғаның барлығы қазіргі Сарыбел ауылының маңында өрбіген. Көкжыраның көнекөз қариялары кезінде Жазира Мергенчинова жайлы жылы естеліктерін айтып жүрген көрінеді. Колхоз уақытында фермада сауыншы болып жүрген қария айналасын жылан жалағандай етіп жинастырып, тазалық тұрғысынан шашау шығармаған.

«Бір реттік әлеуметтік төлем көрсетілді»

Айта берсе, осындай қызықты әңгіме иірімдері үзілмек емес. Айта кетерлігі сол, колхозда жұмыс істеп жүргенде болашақ жары Биғазы ақсақалмен танысып, отау құрды. Отағасымен тату-тәтті ғұмыр кешіп, төрт ұл, төрт қыз сүйді. Барлығына барын беріп бағып-қақты, өсіріп жеткізді. Өскеменге қоныс аудармай тұрып, I, II, III дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған, «Медаль материнства» деген төсбелгі де берілді. Әр жылы Ұлы Жеңіске 50, 55, 60, 65, 70, 75 жыл мерекелік медальдарын да кеудесіне тақты. Былайша айтқанда, ауылда әкімдік назарынан тыс қалмған қарт қалаға келіп мүлде елеусіз қалған. Жазушы Шерхан Мұртаза жазғандай, «Бір кем дүние».

Жыл санап соғыс және тыл ардагерлерінің қатары сиреп келе жатқаны рас. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілердің мәліметінше, Өскемен бойынша 3519 тыл ардагері тіркелген. Іліп аларлық осы ақпарат. Әрі қарай журналист жолдаған сауалдарға толымсыз жауап легі ұсынылады.

– Қалалық мәслихат сессиясының шешімімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары тізбесін айқындаудың қағидаларына» сәйкес 9-мамыр Жеңіс күніне орай 2022 жылғы 25 сәуірдегі №97 қаулысы негізінде 7500 теңге қосымша тағайындалды. Барлығын қосқанда тыл ардагерлеріне 50 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем көрсетілді, – делінген мәліметте.

Осындай мәлімет. Дулат Биғазыұлының сөзінше, тыл ардагері баспана кезегінде небәрі 304-ші болып тұр. Осыған қарап-ақ тыл ардагерлері үшін баспана кезегіне тұрғанның берері шамалы сияқты. Қарапайым құттықтаудың өзі білдірілмей жатқанда үйлі болудың ауылы алыс. Дегенмен «үмітсіз шайтан» деген. Тоғыз жыл тырп етпеген әкімдіктің соңғы сәттерде іс-әрекетке көшуі ғажап емес. Қызығы сол, ресми жауап ұсынған бөлім Жазира Мергенчинованың Өскемен қаласының тұрғыны болып 2018 жылы тамыз айының 24-і күні тұрғанын жеткізді. Тіпті, мұның өзін былай ысыра тұрғанда, кейуананың мүлде марапат көрмеуі шенеунік атаулының шын немқұрайлығы сияқты. Немереден асып, шөбере сүйген қарт жақындарын көрсе жазбай таниды. Тек жас күнінде суық сіңірген денесі қазір уақ-уақ шаншып, сүйегі сырқырап, мазасы кетеді. Ғазиз басы оны да қыңқ етпей өткеріп жүр. Наурыз туа азаматтар нәзік жандыларға сыйлық дайындаудың қамына кіріседі. Кім білсін, сұрапыл соғыс жылдары тылда жүріп тер төккен жасөспірімдер қария атанған шағында бір рет болса да сый-сыяпат көріп қалар.