Өскеменде «Жұт» тарихи драмасы сахналанды

566
көрілім

Достық үйінің залында өткен спектакльде аштық жылдары болған қасірет қаз-қалпы суреттелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

XX ғасырдың 30-шы жылдары қазақ даласында болған қорқынышты жағдай өзге ұлт өкілдерін сырт айналып өтпеді. Мұны рөлге әбден енген әртістер де жеңіл әрі оралымды диалог барысында жеткізді. “Елімізге жер аударылып, келімсектер келіп жатқан көрінеді. Өзіміз жетісіп жүрген жоқпыз. Бірақ оларды да далада қалдырмау керек” деп кенеттен болған өзгерістерге қамдана бастады. Көбінің ол кезде көртышқан мен тышқан жеп жүргені бар. Шешен, кавказ ұлттары қоныс аударған уақытта далада аң атаулы да азайған. Азық табу мақсатында адамдар түрлі амалдарға барып, ақыр соңында кісінің етін жеу жағдайлары жиіледі. ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы театрының жетекшісі Назерке Айдынованың сөзінше, спектакль астарында бойдан әл кетсе де, жергілікті жұрттың жат жерден қоныс аударушыларға берген көмегі, жанашырлығы суреттеледі. 


- Осы қойылым негізінде өзіміз пьеса әзірледік. Оның премьерасы өткен жылдың 8-ші қазанында өтті. Оқиға желісінде ересектерден бөлек, нәубет жылдарының балаларға қалай әсер еткені де баяндалады. Мұнда 7-14 жас, және одан жоғары, яғни 25 жасқа дейінгі әртістер өнер көрсетуде, - деді театр жетекшісі.

Назерке Айдынова


Нан таба алмай қиналған нәзік жандылар көрермен көңіліне трагедияны дәлме-дәл жеткізді.  Талғажау етер талшық тапса әуелі, өзге ұлт өкілдеріне беруден бас тартып, соңында қамқорлықтарына алған сәттерден көбінің көзіне еріксіз жас келді. Аш адамның түрлі қитұрқы әрекетке баруы, әлсіздіктің әлегі мен аш өзектің талғаны жан-жақты суреттелді.
Қойылым соңында жас өнерпаздар тарихқа шолу жасап, 1930-33 жылдар аралығында болған жан түршігер жайттарды тізбелеп шықты, Айтуларынша, көп адамда амал қалмаған соң өлген иттер мен құстарды жеді. 
Ал актерлерді іріктеп, дайындауға бір айдай уақыт кеткен. Киім мен декорцияға да баса мән беріліпті. Кавказ, шешен ұлттары қазақ халқына көрсеткен қамқорлықтары үшін алғыстарын әркез жеткізіп келеді.