Өскемендегі Жекпе-жек сарайының маңдайшасына Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі қашан жазылады?

2292
көрілім

Заманында Ауғанстан, Ираннан бастап Жапонияға дейін, Англия, Белгиядан Норвегияға шейін һәм АҚШ пен Мысыр елдеріне сапар шегіп, күрестен түрлі чемионаттарда жүлде алып, французша күрестен де олжа салған даңқты палуанның рухы Өскеменге келгендей болды. Неге екені белгісіз, Қажымұқан Мұңайтпасовтай біртуар балуанның есімі соңғы сәттерде аталмай, мүлде ұмыт қала бастағандай. Рухы дедік, бірнеше жыл бұрын облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайына даңқты балуанның есімі берілді деген ақпар шыққан-тұғын. Дегенмен спортшылар мен бұқара жұрттың басым көпшілігі бұл жайттан бейхабар. Неліктен? Сайт тілшісі қала әкімдігіне сұраухат жіберіп, тақырыпқа тереңірек үңіліп көрген еді.

Қаулыға сәйкес Қажымұқан есімі берілді

Жалпысында, құжат жүзінде құзырлы мекемелердің растауы хақында барлығы дұрыс, ағаттық кетпеген. Тек тамаша бастаманың нүктесін тиісті деңгейде қою жағы ақсап, жауапты тұлғалардың жұмысты соңына дейін жеткізбей тұрғандығы жабырқатқандай болды. ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы берген жауапта Жекпе жек сарайына нақтысында қай бұйрыққа негізделіп, нартұлғаның есімі берілгені жазылған. Сұраухатты әу баста қала әкімдігіне жіберген едік, алайда жауап беруді басқармаға жуырда тағайындалған басшы Досжан Уалхановқа сенім тапсырыпты. Өз кезегінде спорт басқармасының тізгінін ұстаған маман бір жеті ішінде ресми жауабын ұсынып, қамкөңілге аз да болса үміт ұялатқандай болды. Ұзын-сонар жауапты ықшамдап ұсынар болсақ:

– ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 11 маусымдағы қаулысы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының ШҚО жеке күрестен мамандандырылған балалалар-жасөспірімдер спорт мектебіне Қажымұқан есімі беріліп, бүгінде «Қажымұқан атындағы ШҚО жеке күрестен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі деп аталады, – деді Досжан Нұрбайұлы.

Басын ашып алуымыз тиіс болған алғашқы жайт бұл. Спорттық нысанға әйгілі спортшының есімі берілді дедік, ауызша айтылып қана қоймай, бұрынғы атауын өзгертіп, Қажымұқан атындағы... деп, я болмаса осы тақылеттес өзге атауды көлемді маңдайша түрінде жазу қала, облыс басшылығы мен атқамінерлердің күн тәртібіне қойылғаны құба-құп болар еді. Себебі сөз етіліп отырған Жекпе жек сарайы деген атау қазір республика көлемінде біршама спорт басқармалары мен спортшыларға таныс болғанымен, маңдайшасына «Қажымұқан атындағы Жекпе жек сарайы» деп жазып қойса кімге де болсын бұла күші бойынан табылып, адамгершілігімен де талайды тәнті еткен есіл ердің жарқын бейнесі елестері сөзсіз.

Бюджеттік өтінім биыл түскен

Айталық, 1968 жылы ашылу салтанаты өтіп, 2010 жылы есімі берілген Борис Александров атындағы спорт сарайына атізін салғандар танымал хоккейшінің еңселі ескерткішіне бір қарап, шайбалы хоккейдің шын құдыретін түсінгендей болады. 1976 жылы Инсбруктегі Қысқы Олимпиада ойындарында КСРО командасымен жарқын жеңіске жетіп, чемпион атанғаны талайдың жадында әлі сақтаулы. Сол сияқты үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасында алдына жан салмаған Ольга Рыпакованың да тарихи жеңісінен соң жеңіл атлетика манежіне жерлесіміздің есімі берілді. Жаһандық жарыстарда табиғатынан елдігі мен кеңдігі жарасып, сын-сынақтарда сағы сынбаған елдің абыройын асырған атлеттерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасып-ақ тұр. Дей тұрғанмен Тәңірі берген қуат пен дарынын дүйім жұртты таң-тамаша етіп, ұлт абыройын асқақтатуға арнаған қыр баласы, яғни Мұқан Мұңайтпасұлына да осындай қошемет білдірілсе, спорттық нысанның салтанаты одан әрі келісе түсер ме еді?! Бұл жағы алдағы уақытта өтетін облыстық мәслихат отырысына байланысты. Олай дейтініміз, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар есімі шартарапты шарлаған спортшының ныспысы жазылған маңдайша жөнінде оң жауап ұсынды.

– Басқармаға коммуналды мемлекеттік мекемеден 2021 жылдың наурыз айында «Қажымұқан атындағы Жекпе жек сарайы» маңдайшасына көлемді жарық белгісін орнатуға қаражат бөлу туралы қосымша бюджеттік өтінім түсті. Ақшаның бөлінуі туралы мәселе алдағы облыстық мәслихат отырысында қаралады, – деді Досжан Уалханов.

Жұрт қатарлы жұмысқа араласты

Балуан десек те, батыр десек те еш сөкеттігі жоқ болар. II дүниежүзілік соғыс жалыны КСРО аумағын шарпып тұрғанда майдан шебіне ұшақ сатып алып берген мәрттігі Сталиннің Алғыс хат жазып, балуанның жеке өзіне жолдануына ұласқан болатын. 1941 жылы жасы жетпісті алқымдаса да, қан майданға баруға талай оқталған-тын. Ол кезде балуанның бойындағы күші сарқылып, шөге бастады деу мүлде қисынсыз еді. Амал нешік, «жасыңыз келмейді» деп елде қалдырды. Халқының сый-құрметіне бөленген азаматтың ауыр жұмысқа араласпауына талай қолқа салғандарымен, Қажымұқан балуан жұрт қатарлы егін бастырушылармен иін тірестіре ауыр жұмыстың бел ортасында жүрді...

Бастысы, батырға лайықты құрмет көрсетуге деген алғашқы қадам жасалған екен, басқарма басшылығының берген жауабы ертелі-кеш қауырт тірліктің боларынан белгі бергендей. Дегенмен «алдағы уақытта» деп екіұшты жазылған сөйлемнен жұмыстың нақты қашан қолға алынатындығын болжап білу мүмкін емес. Қош. Басшылық ресми жауап берген соң игі істі орындауда кежегесі кейін тартпас. Анығы сол, Жекпе жек сарайының алдында даңқты спортшыға қандай да бір ескерткіш, яки болмаса кеудемүсін орнату жоспарда жоқ.

Даңқты балуан заманындағы алыптар белдесуі

– Қажымұқан атамыз республикадан асып, ТМД, тіпті әлем жұртшылығына таныс. Әлбетте, балуан есімінің Өскемендегі спорттық нысанға берілгені жас спортшылардың жігерін жани түсері хақ. Алыстан қарағаннан-ақ көз тартар қандай да бір жазудың қойылғаны құптарлық іс болар еді. Мұны қала, аймақ басшылығы да назардан тыс қалдырмас. Оған қоса, биыл балуанның мерейтойы. Қандай сый-құрмет көрсетілсе де лайықты, – дейді өңірдегі спорт жанашырлары.

Балуан жинаған 100 мың сом

Жекпе-жек сарайы 2014 жылы салынып, 2015 жылы пайдалануға берілгеннен бері талай дүбірлі дода, оның ішінде дзюдодан халықаралық турнирлер, Бүкіләлемдік бокс сериясында Astana Arlans кәсіпқой клубының былғары қолғап шеберлері Uzbek Tigers-ке (Өзбек жолбарыстары) қарсы жекпе-жек өткізіп, айқын жеңіске жеткен-тұғын.

Құрылысқа жауапты мердігер ұйым барынша заманауи болуын назарда ұстап, жаттығу залдарының күні бүгінге дейін кетеуі кетпеген. Жекпе жек сарайының оң қапталында еркін күрестен Олимпиада жолдамасын иеленген көкпектілік Данияр Қайсановтың алып плакаты ілінген. Жастар ұмтылуға тиіс Олимп шыңына шығуға шақырып тұрғандай. Жетпей тұрғаны біртуар спортшыға деген кеудемүсін. Маңдайшадағы жазу хақында сөздің реті белгілі болғандай. Досжан Уалханов бастаған жауапты тұлғалардың жағымды жаңалықпен бөлісуін назарда ұстаған ләзім. Одан бөлек, тілге тиек еткен бюст орнату мәселесі де аймақ атқамінерлерінің құлағына алтын сырға болып ілінуі тиіс.

Алаш топырағын басып жүріп, абыройлы іс атқаруды мақсат тұтқан атамыздың мына бір жазбасында Отанға деген ыстық махаббаты ап-анық көрініс береді.

– «Мен қазақ халқының атақты балуаны Қажы Мұқан Мұңайтпасов, Қызыл Армия неміс-фашист басқыншыларын талқандап, сүйікті Отанымызды жаудан тазартып жатқанда өмірімнің елу шақты жылын спортпен өткізген қарт спортшы еңбекпен тапқан 100 мың сом қаржымды жеңіс қорына қосамын. Осы қаржыны қазақ батыры «Аманкелді Иманов» атауы берілетін соғыс ұшағын жасау үшін нұсқау беруін Орталық Комитеттен өтінемін», – делінген тарихшы Мұрат Керейбайдың «Қажымұқан» атты кітабында.

Арда азаматтың азапты күндері

Осылай деп жетпіс жасында ел аралап өнер көрсетіп, адал жолмен тапқан ақшасын түгел дерлік ортақ жеңіс үшін қорға аударған арда азаматтың өмірінің соңғы күндерін азаппен өткізгені де жиі айтыла бермейді. Ал мана айтылған ұшақты тізгіндеп, жауға қарсы талай мәрте әуе жорығын сәтті жасаған семейлік ұшқыш Қажытай Шалабаев болатын.

Қайраты кеміп, керегі болмаған бұла күш иесі суығы өңменінен өтер қорада ыстық су ішіп, қара нан жеп күнелткенде өкпесі қабынады. Украинадағы үзеңгілес досы Иван Поддубный да осындай күй кешкен көрінеді. Ресми деректерде осылай жазылған. Апыр-ай, билік басындағылардың мұндай сүреусіз әрекет танытулары ел қамын ойлаған тарландардың қиындық қамытын киіп, сырқаты дендеп, тым құрығанда ем алуларына жағдай жасай алмағандары ақылға сыймайды. Ғұмырында дүние-мүлік дегенге қызықпай, дүйім-жұрттың жүрегінде мәңгі сақталған сақа балуанның биыл 150 жылдығы. Билік басындағылардың бұл тұрғыда жүйелі жоспары бар дегенге сенім мол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ