Өскеменге Аягөзден есірткі тасымалдаған ер адам түрмеге қамалды

297
көрілім
Шартты фотосурет

Өскемен қаласының тұрғыны Аягөзден 7 келі марихуананы сөмкесіне салып әкелмек болған. Қасына әйелін ертіп алса автобустан түскенде тәртіп сақшылары тексермес деген ойда еді. Сол үшін автобекке жеткенде сөмкені зайыбына ұстата салған. Оқиғаның жай-жапсары қалалық №2 сотында қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Анастасия Дорошенконың (аты-жөндері толықтай өзгертілген) азаматтық некедегі күйеуі Василий Фадеевпен бір шаңырақтың астында тұрып жатқанына сегіз айдан асқан. Бірде жұбайы Аягөз қаласына достарымен кездесуге бірге баруға ұсыныс жасағанда әйелі көп ойланбай келісімін берді. Бір сарынды өмірден зерігіп кеткен Анастасия басқа жаққа қыдырыстап барудан неге қарсы болсын? Алайда сол кезде ол Василийдің түпкі мақсаты басқада екенін еш сезген жоқ.

Екеуінің Аягөзге барғанынан қайтқандары тез болды. Ер адам біреумен кездескен соң олар қайтадан автобусқа отырып облыс орталығына жол тартты. Анастасия зайыбының сөмкесі біршама ауырлағанын байқаса да онша мән бермеді. Десе де Өскеменге таяған сайын Василийдің өзін ұстағаны, айтқан сөздері оған қызық көрінген.

Автобус қалалық автобекетке бұрыла бергенде күйеуінің өңі тіптен қуарып кетті. Бірдеңе болғанын сезген әйел «Сонша нені уайымдап отырсың? Ана сөмкенің ішінде не бар?» деп тіке сұрай салған. Василийдің жауабы қысқа болды:

– Марихуана.

– Қайдағыны айтпашы, – деген зайыбы бұған сенбей бір күлді де қойды. Ал ер адамның дауласып отыруға мұршасы жоқ еді. Тек автобус тоқтап, жолаушылардың бәрі түсіп жатқанда «Сөмкені сен ала салшы» деді.

Дегенмен оның талайдан бері ойластырып жүрген жоспарының күл-талқаны шықты. Автобекетте еркекті бағанадан бері полиция қызметкерлері тосып тұрған-тұғын. Тәртіп сақшылары оны да, әйелін де түгел тінтіді. Сөмкеден 7 келі марихуананы алып шыққан кезде Анастасияның таңқалғаннан көзі шарасынан шыға жаздаған. Сөйтсе азаматтық некедегі күйеуінің нашақорлыққа салынғанына бірнеше жыл болған екен.

Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, жасаған қылмысына қатты өкінетіндігін айтты. Сот үкімімен Василий Фадеев есірткі сақтап, тасымалдаумен айналысқаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін айыпталушы 100 мың теңге мөлшерінде айыппұл мен сот шығындарын өтеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.