Өскеменнен Астанаға жаяу жол тартқан Ғалымжан Тоқтар Павлодар қаласына таяп қалды

1996
көрілім

Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін қолдау мақсатында Өскеменнен Елордаға жаяу жол тартқан Ғалымжан Тоқтар күніне шамамен 70-75 шақырымды бағындырып келеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, өскемендік Ғалымжан Тоқтар 26 мамыр күні Астана қаласына жаяу жолға шыққан болатын. Ғалымжан Тоқтардың бұл сапарындағы басты мақсат – ЭКСПО-2017 көрмесін қолдап, көрмені насихаттау. Оның артында жұбайы көлікпен ілесіп, барлық жол барысын бейнерегистраторға жазып келеді. Ғалымжан Тоқтар 16 маусымда Елордаға жетуді көздейді.

Павлодар қаласына шамамен 70-80 шақырымдай қалды. Ғалымжанның жағдайы жақсы, денсаулығы қалыпты. Күнде сағат төртте таңғы салқынмен жолға шығады. Кешкі 20:30-21:00 шамасында тоқтап, тамақтан кейін бірден ұйқыға кетеді. Алғашқы күндері аздап шаршаңқыраған. Бірақ, қазір бәрі жақсы, – дейді Ғалымжанның зайыбы Еркегүл Мұқият.

Еркегүлдің айтуынша, жолда түрлі қызық жағдайлар да, қиындықтар да кезігіп жатады екен. Елдімекенге жеткен уақытта жолаушылар қонақ үй іздесе, жетпей қалған жағдайда далаға шатыр тігіп қонады. 2-3 күн бұрын түнгі уақытта күн күрт суып, жаңбыр жауып, жел көтеріліп, шатырды ұшырып әкетіпті.

Бесқарағай мен Павлодар арасындағы жол жөнделіп жатыр екен. Бұл жағдай жайсыз тиіп, шаң-тозаң біршама кедергі келтірді. Маса, шыбын-шіркей де мазалайды. Соған қарамастан, Ғалымжан жоспардан қалған жоқ. Жүгіріп келе жатқанына сегізінші күн болды. Өскеменнен келген жанкүйерлері мен жора-жолдастары артынан келіп, қазы-қарта, қымызын әкеліп, құрметін көрсетіп кетті. Жора-жолдастарымыз баламызды да алып келген екен. Осындай зор тілек пен қолдауға Ғалымжан қуанып қалды, – дейді Еркегүл.