Күршім ауданына қарасты Үшбұлақ ауылының мәселелері қашан шешіледі?

661
көрілім

Республикалық басылымдардың бірнешеуінде 2026 жылға дейін Қазақстанның сегіз қаласында 5G технологиясы іске қосылады деп жазылды. Елдімекендер жағы елеусіз. Сонда ғаламтор желісі тым нашар ауылдар төңірекпен хат-хабар алмаса алмай отырғанда, шаһарлар ғана дами бермек пе? Өзге аудандардағыдай, Күршімде де осы тұрғыда әлі қиындықтар байқалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Тастар құлап жатыр»
Барлық дерлік аудан орталықтары мен қалаларда ұялы байланыстан қапы жоқ. Ал ауылдардағы ахуалдың мұрты бұзылмады. Бұл жолы Үшбұлақ елдімекені тақырыпқа өзек болды. Мемлекеттік қызметшілердің өздері шағымдарын жеткізіп, құжат толтырып, оны интернет арқылы жолдау кезінде байланыстың «қақалатынын» айтты.
– Ресми хатты жедел жіберу үшін мектепке барамын. Онда мұғалімдердің өз жұмысы бар, компьютер босай бермейді. Мектеп пен екіортада сабыламыз. «Жарты сағатта немесе бір сағатта жіберіңіз» дейді, құжат уақтылы бармайды. Таңертең жөнелткен дүниеміз кешке бір-ақ жетеді. Кейбірі ауылдың WhatsApp-тағы  «чатына» жіберіледі, бірақ ол ашпайды, – деді аты-жөнін өзгертіп беруді ұсынған Нәзира Алмаханова.


Берілген ақпаратқа сүйенсек, Үшбұлақта 268 адам тұрады. Altel-2 G байланысы ұстайтын көрінеді.
– 2024 жылы «Үшбұлақ ауылынан батысқа қарай 5,4 шақырым жерде биіктігі 40 метр антенна-діңгек құрылыс салу» жобасы бойынша 157 млн 621 мың 51 теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталына конкурс берілді. Бүгінде конкурстық рәсімдер жалғасып жатыр, – деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.
Ауыл ақсақалдарының бірі Оралбек Жауқамбаевтың сөзінше, қыс бойы ауылішілік жолдар да жарытып күрелмеді. Үшбұлақ – Маралды ауылдық округіне қарайды.
– Қалай десек те, округ әкіміне екі дүние біреу-ақ болып тұр. Жағдайдан хабардар болса да, зейнетке аман-есен шыққанша үндемей отыр. Қазір кіреберіс жолға биіктен тастар құлап жатыр. Ол да қадағаланбайды, – деді ауылдастар.


Ауыл тұрғыны Дархан Халықов күре жолдан Үшбұлаққа апаратын 25 шақырым жолдың мүшкіл жағдайын айтты. Шұғыл түрде Маралдыға барып-келу керек болса, ұзақ кідірістейді, уақыттан ұтылады. Сырқаты қысқандардың талай рет межелі жерге жете алмай, үйде ем алған сәттері аз емес. Маралдыда тиісті медициналық көмек ала алмаса, аудан орталығына, ол болмаса Өскеменге жол тартуға мәжбүр.
– Осыған дейін кіреберіс жолға қиыршық тас төселді. Бірақ ол уақытша атқарылған жұмыс сияқты. Қазір кетеуі кеткен. Округ әкімі аудан басшысының алдында есеп бергенде үнемі қиыршық тас төгілген жерлерді ғана басшылыққа алады, – деді Гүлжан Жүнісова.

Көпшіліктің көшкісі келмейді
Қайрат Әзімбаевтың сөзінше, былтыр «Маралды-Үшбұлақ» аралығындағы 25 шақырымның бес шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 20 млн теңгеге ашық конкурс жүргізілді. Мердігер ұйым – «Күршім» МКК. Жолдарды жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған. Ресми мәліметке сәйкес, бес шақырым жолдың екі шақырымындағы шұңқырлар тегістеліп, үш шақырымына гравий төселді. «Қаражат толықтай игерілді» делінген.
Аудан әкімдігі интернет пен жол мәселесіне қатысты тұрғындар тарапынан жазбаша өтініш түспегенін жеткізді. Сірә, көпшілк те «округ әкімі талайдан бері мұрты бұзылмаған мәселелерді біржақты етеді» деп сеніп артқан болар. Бірақ ол сенім ақталмаған.


Өкінішке қарай, соңғы уақытта таудан тастардың құлауы жиіледі. Ауылдастар оны айғақтайтын бейнежазба мен суреттерді де жіберді. Жаз айларында Үшбұлақта шуылдасып ойнаған балалар дауысы жарқын-жарқын шығады. Манағы тастар ауылдастардан бөлек, елдімекен меймандары үшін де қауіпті. Оралбек Жауқамбаев қазір мұнда 49 үй барын айтты. Бірақ жаздыгүні Алматыдан бастап, басқа қалалардан атізін салады. Құлыптаулы тұрған есіктердің бірнешеуі ашылып, түтін саны 54-56 үйге жуықтайды. Табиғаты тұмса, тау бөктерінде орныққан ауыл оң өзгерістерден әлі үмітті. Байланыс жоқ емес, жылдамдығы тым төмен. Жол әлегі болмаса, ешбірінің ауылдан кеткісі жоқ.
***
Үшбұлақ жұрты тоғыз жылдық мектеп барын, онда 30-ға тарта оқушы білім алып жатқанын жеткізді. Қар сөгіле туындаған мәселе сол, су деңгейі көтеріліп, ауылға кірберістегі көпірдің жағдайын қиындатып тұр. Жергілікті жұрт округ басшысынан әлі де ілкімді істер атқаруын күтіп жүр. Мүмкіндігінше, қолдауға әзір. Шынымен де, Үшбұлақ ауылының тасы төменге емес, өрге домаласа дейміз. Оған қоса, 250 адамнан астам тұрғыны бар елдімекен 250+ бағдарламасына еркін еніп тұр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттерді ұсынған оқырман