Павлодарлық әйел ШҚО аумағында алаяқтық жасаған

1584
көрілім
Шартты фотосурет

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер мәліметінше, күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, қараша айының басында Өскемен қалалық полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімінің «102» жедел арнасына ЖОО-да оқитын 19 жастағы студент жүгініп, сәуір айының 10-ы күні хабарландыру арқылы жалға берілетін пәтер тауып, бағасы қолжетімді болған соң бірден хабарласқан.
- Қоңырауға жауап берген әйел әңгіме барысында пәтерді жалға алушылардың көптігін айтып, студенттен алдын-ала төлем жасауды талап еткен. Панасыз қыз еш ойланбастан мобильді қосымша арқылы ақшаны аударып жіберген. Содан студент қыз пәтер көруге барған, телефон арқылы сөйлескен әйел белгіленген жерге келмеген. Келтірілген шығын сомасы 50 000 теңгені құрады, - делінген мәліметте.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері дәл осы қаскөйдің тағы бір осындай қылмысқа қатысы бар екенін анықтады.
Ұлан ауданының 22 жастағы тұрғыны жүгініп, ол да жалға пәтер берушінің құрбаны болғанын айтқан. Өз арызында ол қаңтар айының соңында жоғарыда аталған схема бойынша 15 мың теңгеден айырылғанын жеткізді.
- Жедел - іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері Павлодар облысының 32 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Бұған дейін ол бірнеше рет алаяқтық фактісі бойынша жауапқа тартылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті Павлодар қаласының тергеу изоляторына қамалды. Полиция күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр, - деді ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.
ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігіне сәйкес (Алаяқтық фактісі бойынша) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, оның санкциясымен 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.