РФ азаматы ШҚО-да заңсыз ойын бизнесін жүргізген қылмыстық топты басқарған – ШҚО прокуратурасы

770
көрілім

Өткен жылдың қазан айынан бастап облыс прокуратурасы Шығыс Қазақстан облысының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша қылмыстық істі тергеуде. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы және басшысы Ресей Федерациясының азаматы болып шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық прокуратураның анықтауынша, қылмысты трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған. Ұрланған ақшаның басым бөлігі банк аударымдары арқылы Ресейге жіберіліп отырған.

11 мамырда жедел-тергеу тобы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, трансұлттық қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен Зырян аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы С. және Өскемен қаласы прокуратурасы бөлімінің бұрынғы аға прокуроры А. ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалған.

– Тергеу анықтағандай, ұсталған адамдар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, қылмыстық топқа көмектесіп, өздерінің қызметтері үшін ай сайын ақшалай қаражат алып отырған. Қазіргі кезде тергеу тобы заңсыз ойын бизнесіне қатысы бар құқық қорғау органдарының басқа да лауазымды тұлғаларын анықтап, ұстау үшін жедел іс-шаралар жүргізуде, – деп хабарлайды ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.