Риддерде келер жылдан бастап су тазартатын құрылғы орнату жобасы қолға алынады

415
көрілім

Биыл қалалықтардың ауызсу мен көмір мәселесіне келгенде көңілдері ерекше тоқ. Себебі қатты отынның орташа бағасы, елді мекендерге, тұрғындар мен мемлекеттік мекемелерге уақтылы жеткізілуі бақылауда тұр. «Әзірге тұрғындар тарапынан көмір мәселесіне қатысты көңіл толмаушылық байқалмады» деген қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуат Мұхамедчинов алға қойған бірқатар жоспарларымен бөлісті. Ал риддерліктерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жағы әр жылы оң шешімін тауып келетін көрінеді.

Орташа бағасы орынды

Бөлім басшысы тілге тиек еткендей, қалада екі қазандық бар. Бірі – «Риддер Тэц» акционерлік қоғамы, бірі – Казцинк зауыты аумағындағы «ЛТВК» ЖШС. Қаладан шыға берістегі 4-ші ауданда орналасқан «ЛТВК» қазандығы өз аумағын тұтастай қамтуы үшін жыл сайын 30 мың тонна көмір өндіруде. Ал шаһарды толықтай қамтамасыз етіп отырған «Риддер ТЭЦ» АҚ жылына 334 мың тоннаға жуық көмір жеткізеді.

– Әлеуметтік нысандар – 343, қалалық «Водоканал» – 410 тонна және тұрғындар 4000 тоннаға жуық қатты отынмен қамтамасыз етілуде, – дейді Қуат Маратұлы. – Қалада үш мектеп бар. Әрқайсысының өз қазандығы бар. Осы уақытқа дейін жоғарыда аталған әлеуметтік нысандардың барлығы көмірден таршылық көрген жоқ. «Риддер ТЭЦ» АҚ мен «ЛТВК» ЖШС-не жоспарға сай көмірдің жеткілікті қоры жеткізілді. Негізі әр ұйымда емін-еркін 30 күнге жетерлік қор бар. Осы бойынша тиісті ақпараттар бізге дер кезінде берілуде.

Мәлім болғандай, қос мекеменің көмір алып отырған орындары екі түрлі. «Риддер ТЭЦ» АҚ «Қаражырадан» алса, «ЛТВК» ЖШС «Шұбаркөлден» тасымалдауда. Маңыздысы сол, тұрғындар тарапынан күні бүгінге дейін наразылық байқалмаған. Оның бір себебі – биылғы тәртіп бойынша бір тонна көмірдің орташа бағасы – 11000 теңге. Осыдан бірнеше жыл бұрын 13000-14000 теңгеден сатылған екен бір тоннасы. Осы жылы тұрғындар мен әлеуметтік мекемелерге қазан айының 1-3-нен бастап жеткізіле бастаған.

Белгілі болғандай, әлгі алыпсатарлар қалаға кіреберістегі жекеменшік секторға қарай ағылады. Сол жерде база бар екен. Тағы бір алатын орындары – теміржол вокзалы маңындағы қуыста орналасқан жер. «Қыстың қамын жаз ойла» дейтін тұрғындардың жанталаса көмір алып, аз-кем абыр-сабырға түсетін кезі жаз айларының соңы екен. Нақтырақ айтсақ, тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының басында жеткізілген көмірді «Басқалардан бұрын алып алайын» дейтін жұрт бір-екі күн барын салып, қарбалас тірлікке көшетін көрінеді. Сайып келгенде, риддерліктер әр жылы қатты отыннан кенде болмай, қажетінше алып отыр.

Шартты сурет

Ескірген құбырлар елеусіз қалмайды

Әр қаланың, болмаса аудан-ауыл тұрғындары үшін пайдаланып отыған ауызсу мәселесі де біршама өзекті. Дегенмен риддерліктер аймақ көлемінде ең тұнық өзендердің бірі саналатын Громотухадан су алып пайдалануда. Оның өзі мұздықтан ағады. Қуат Маратұлының сөзіне сүйенсек, аталған өзен суы еліміз бойынша бағасы арзан әрі ең сапалы саналады. «Сенсеңіздер, краннан алынған бір стақан судың дәмі республика көлемінде сауда сөрелерін жаулаған «Тассайдан» маркасынан еш кем түспейді» деген жауапты тұлға кеншілер қаласында ауызсу тапшылығы жоқтығын жеткізді. Өзеннен қалаға «ЛК ГЭС Компания» ЖШС тарапынан құбыр арқылы табиғи жолмен жеткізіледі екен. Жеткізілген су тазартудан өтіп барып пайдалануға беріледі. Тиімдісі сол, ауызсуды тазартып, сүзгіден өткізуге қаражат та көп кетпейді.

– Кеңестік заман тұсында орнатылған су құбырлары желісінің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, – деді Қуат Маратұлы. – Кей тұстарда жаңасын ауыстырдық, әйтсе де құбырларды тұтастай қамту мүмкін болмады. Ал қазір сумен жабдықтау және су тарту бағыты бойынша желілерді қайта құру жобасын қолға алып келеміз. Жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңге. Бұл дегеніміз – қала бойынша барлық желілер жаңартылады деген сөз.

Мұндай сома республикалық бюджет есебінен екен. Биылғы жылы бастапқыда 400 млн теңге бөлініп, соның 100 млн теңге қаражатына қажетті материалдар сатып алынған. Тамыз айының соңында жасалған келісімшарт негізінде қазір байқау тәртібі жалғасып, жауапты мердігер де бекітіліпті. Кім десеңіздер, өскемендік «Востоквзрывпром» құрылыс-жөндеу компаниясы. Бөлім басшысы құбырларды енді пластикалық материалдан жасауды құп көретіндігін жеткізді. Мамандар да шойыннан гөрі осы пластик материалдары әлдеқайда төзімді екендігін айтып, кеңес берсе керек. Жоспар барысына сенсек, жобаны аяқтау мерзімі екі жыл. Десе де істің алға басуы бөлінетін қаржының жеткілікті болуына күмәнмен қарайды.

– Әзірге бөлінгені – 400 млн теңге. Республикалық бюджеттен енді қанша қаражат бөлінетінідігін кесіп-пішіп айту қиын, – дейді жауапты тұлға. – Дегенмен осы жылы 4-ші ауданға жергілікті бюджеттен бөлінген 60 млн теңгеге сумен жабдықтау жұмыстарын жүргіздік. Әкімнің есеп беру жиынында тұрғындар Энергетика ауылындағы үш қабатты үйлердің бірінде су қысымының жоқтығын айтып, шағымданған болатын. Су қысымы болмауының бір себебі – көп көлемде су жіберілген кезде шеткері орналасқан үйлерге жетпей қалады. Оның үстіне құбырлар да кеңестік заманда орнатылғандықтан әбден тозығы жеткен.

 

«Мен мұндалап» ниет білдірген мердігер жоқ

Қазір тағы екі көшеде су қысымы тиісті мөлшерден төмен. Қуат Маратұлы қолға алынған жоба аясында мердігерлермен тізе қосып, түзетулер енгізгеннен кейін мұны да біржақты ететіндіктерін айтты. Негізінен қалада екі су тоғаны бар болса, тұрғындар о баста айтылған мұздық арқылы келетін суды пайдаланып үйренген. Ал сең жүргенде жерастындағы тоғанды бітеп, тұрғындарға ауызсудың тағы бір түрі жеткізіледі. Бірақ дәміне келгенде халық жерасты суын сүйсініп ішпейді екен.

– Осы үшін құзырлы мекеме тарапынан ескертулер да алуымыз мүмкін. Яғни ана жерді бір, мына жерді бір қаздыңдар деп реніш білдірулері ғажап емес. Онсыз болмайды. Соған қарамастан жүйелі жұмыстарды жалғастыра түссек тұрғындардың құрамы таза ауызсу пайдалану мүмкіндіктері жоғарылайды, – деді Қуат Мұхамедчинов.

Десе де риддерліктер үшін тағы бір қуанышты жаңалық орын алмақ. Жергілікті құрылыс бөлімі су тазартатын құрылғы жасау жобасын жүзеге асыруға бекінген. Сәтін салса келер жылы қауырт жұмыс басталғалы тұр. Бұл жобаның құны – шамамен 5 млрд теңге. Ал облыстық бюджеттен «Ульбастрой» ЖШС-ның модульді станса құрылысына алдымен 7 млн, артынша 8 млн теңге бөлінген. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, белгіленген жерлерде тиісті жұмыстар басталып кетті. «Не себепті кешеуілдеп қолға алынды?» деп сұраған едік, «Екі мәрте өткізілген байқау барысында топтан суырылып шығып, ниет білдірген мердігер болмады» деді. Бұдан кейін Қуат Маратұлы жауапты мекемені өзі іздеп, бұрғылау жұмысы басталған жерге жұмысты іліп әкету үшін мердігермен бір байламға келген. Бастысы, біршама жауапкершілікті талап ететін бұл жұмыс аяқталысымен риддерліктер таза ауызсу пайдалана алады. Шаһардан шеткері орналасқан үйлерде құдықтар орнатылғанмен, содан шығар суды пайдалану кезінде адам ағзасына түрлі минералдар мен ұсақ қиыршық тастардың түсуі әбден ықтимал. Бұйыртса келер жылы басталатын құрылыс жұмыстары дер кезінде сәтімен аяқталса, көпшілік тұрғындар сүзгіден өткен сапалы ауызсуға қол жеткізетін болады.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ