С.Аманжолов атындағы ШҚУ өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына білім беру гранттарын бөледі

1232
көрілім
Фото ШҚУ баспасөз қызметінен

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Абай облысында өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына 10 білім беру грантын бөлмек, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
 Білім ордасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, тілсіз жау салдарынан қиын жағдайға тап болған жанұяларға материалдық көмек көрсетіледі.
«Айтып келмеген апат салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза болды. Жүздеген адам азық-түліксіз, құжатсыз, қаражатсыз қалды. Көршілес Абай облысындағы өрт – елімізге түскен ауыр салмақ. Мұндайда әр азамат немқұрайдылық танытпауы тиіс деп есептейміз. Ғылыми кеңес барысында зардап шеккен отбасыларға 10 грант бөлу туралы шешім қабылданды. Университет ұжымы марқұмдардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз», –  деді оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген.  
Бұдан бөлек, білім ошағының басшысы университет тарапынан бір күндік жалақылары аударылатындығын жеткізді.
Айта кетейік, алапат өрт 8 маусым күні басталды. Тілсіз жауды ауыздықтау әлі жалғасуда. Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.

Асыл АЙТБАЕВ