Сауда орындары бақылауда

346
көрілім

Наурыздың 25-і күні Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында өрт шығып, 64 адам қаза тапқан қайғылы оқиға бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. «Сақтанғанды сақтайды» демекші, Шығыс Қазақстан облысының ТЖД мамандары өңірдегі адам көп шоғырланатын сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға алды.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс бойынша жыл сайын тексеру жұмыстары жүргізілетін кешендердің жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Әр сауда орны мен ойын-сауық орталықтарының иелері өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталу-сақталмауы тексерілетіндігі жөнінде 1 ай бұрын хабардар етіледі. Ешқандай заңбұзушылық анықталмаған кешен тексерістен бір жыл мерзімге босатылып отырады.

– Қазіргі таңда өңірімізде өрт шығу қаупі жоғары деген 82 нысан есепке алынған, – дейді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Скляр, – Алайда өрт сөндірушілердің айтуынша, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Мұның себебі, кейбір кәсіпкерлер өз сауда орындарының аумағын екіге бөліп ерекше қулыққа барады. Мысалы, кешеннің аумағы 1500 шаршы метрден 750-ге азайса, инспектор заң бойынша ол жерге тексеру жасай алмай қалады. Сондай-ақ, нысан иелері арасында өрт қауіпсіздігін сақтағаннан гөрі айыппұл төлеп құтылуды тиімді санайтындар да жоқ емес.

Айта кету керек, 2017 жылы облыстағы 50-ден астам сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары өрт қауіпсіздігі бойынша тексеруден өткен. Нәтижесінде, 280 заңбұзушылық анықталып, нысан иелеріне 680,7 мың теңге айыппұл салынған.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ